Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 6 сәуірдегі саудада доллар бағамы 465 теңгеден төмен түсті. Америкалық валюта осы күні 464,6 теңгеге дейін арзандады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өткен аптамен салыстырғанда доллар 1,08%-ға құнын жоғалтты. Долар арзандап, ұлттық валютаның күшеюі былтыр қазаннан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде теңге шамамен 15,3 пайызға нығайған.
Сарапшылар ұлттық валютаның күшею себебін әрқалай түсіндіріп отыр. Мамандар пікірінше, шетелдік инвесторлар қаржысының көбеюі, салық төлемдерінің мерзімі, Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі, Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттер мен мұнай бағасының көтерілуі теңге бағамының нығаюына әсер еткен негізгі факторлар.
Сонымен қатар әлемдік нарықта доллардың негізгі валюталарға қарағанда әлсіреуі де теңгенің пайдасына жұмыс істеп тұр.
Дегенмен…
Сарапшылар теңгенің қымбаттауынан кейін тауарлар мен қызметтердің бағасы бірден төмендейді деп күтудің қажеті жоқ дейді. Өйткені нарықтағы баға ұлттық валюта құлдырағанда бірден көтеріледі, алайда нығайған кезде баяу төмендейді. Мұны мамандар «кері храповик әсері» («обратный храповик») деп атайды.
Сондай-ақ, кейбір қаржы сарапшылары доллардың Ресей рубліне шаққандағы әлсіреуін де ескеруге шақырады. Ресей валютасы қазір 80 рубльдік психологиялық межеден өтті. Дегенмен, Қазақстандағы теңге бағамы басқа валюталарға тікелей байланысты емес, тек ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын есте ұстау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







