Қызылордада испандық Roca Group заманауи сантехникалық өнім шығаратын ірі зауыт салмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жобаға жалпы көлемі 44 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Тиісті келісімге Қазақстан үкіметінің ғимаратында Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және «РОКА Қазақстан» компаниясының бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды.
Зауыт керамикалық санитарлық өнімдер мен ванна бөлмесіне арналған жиһаздарды шығаруға маманданады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталмақ.
Жоба аясында 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру және оқыту көзделген.
Бұл Қазақстандағы алғашқы толық автоматтандырылған әрі халықаралық экологиялық стандарттарға сай сантехникалық өнім өндіретін кәсіпорын болмақ.
Жылына 500 мың дана өнім шығаратын зауыт Қазақстанның ішкі нарығымен қатар, Орталық Азия елдеріне экспорттайды деп жоспарлануда.
Құжатқа қол қою барысында Roca Group өкілдері Қазақстан компания үшін стратегиялық маңызы бар нарық екенін, елдегі қолайлы инвестициялық ахуалдың жоғары бағаланғанын атап өтті.
Roca Group сантехника өнімдерін өндіру бойынша әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. 100 жылдан астам тарихы бар компанияның дүниежүзінде 78 өндірістік кәсіпорны мен 20 мыңнан аса қызметкері бар. Өнімдері жоғары сапасымен, инновациялық шешімдерімен және еуропалық стандарттарға толық сәйкестігімен танымал.
Сырдағы испан сантехникасы: Шетелдік инвесторлардың ойлау моделі өзгеруде

