Мемлекеттік кірістер комитеті 63 қазақстандық блогер табысын өз еркімен декларациялағанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комитет мәліметінше, 63 блогер 2,8 млрд теңге табысын декларациялап, 105 миллион теңге салық төлеген.
«13 наурыздағы жағдай бойынша 63 блогер 2 768,4 млн теңге сомасына қосымша табыс декларациялады, 105 млн теңге сомасында салық төледі», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін желіде блогерлердің тізімі тарады. Оның ішінде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның «2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені» көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Сондай-ақ, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің бұған дейінгі мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен. Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Оған қоса Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салық хабарламалары 2025 жылы ақпанда 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.