Қазақстандық азық-түлік өндірушілері өз салаларындағы қордаланған мәселелерді жылдар бойы айтып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі жағдай тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына дейін жетіп, Мемлекет басшысы нарықтағы импорттың басымдығын «өте ұят нәрсе» деп бағалаған еді.
Супермаркет сөрелеріндегі соғыс
Бүгінде еліміздегі кез келген супермаркетке кіре қалсаңыз, импорттық өнімдердің басымдығы бірден байқалады. Кейбір ресми ведомстволар отандық азық-түлік үлесін 80%-дан жоғары деп сендіргісі келгенімен, іс жүзінде кейбір тауар санаттарында бұл көрсеткіш тіпті 30%-ға да жетпей отыр.
Сарапшылар бұл мәселенің тамыры отандық өнім үлесін есептеудің әдістемесінде жатыр деп есептейді. Қазақстандық азық-түлік өндірушілерінің бірлестіктері бұл туралы Сауда министрлігіне бірнеше рет ұсыныс айтқанымен, әзірге елеулі өзгеріс жоқ.
Бұл мәселенің тағы бір қыры бөлшек сауда желілерінің саясатында жатыр. Ритейлерлерге импорттық тауарларды сату тиімдірек болып тұр, себебі көршілес елдерден үлкен көлемде келген өнімге дүкендер жоғары үстеме баға қоя алады. Ал қазақстандық тауарлар көбіне дүкендердің артқы, елеусіз сөрелерінен ғана орын табады. Нәтижесінде, еліміздің экономикалық мүддесіне орасан зор залал келуде.
Президент Жолдауында импорт мәселесін ашық айтып, Үкіметке нақты тапсырма бергеннен кейін AMANAT партиясы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі республикалық кеңес осы мәселені тағы көтерді. Кеңес отырысында Сауда және интеграция министрлігі сауда ережелеріне жедел өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жасағанымен, сала мамандарының пікірінше, бұл шаралар мәселені түбегейлі шеше алмайды.
«Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников Беларусь елінің тәжірибесін мысалға келтіріп, отандық тауарларға сауда сөрелерінің кемінде 60%-ын заңмен бекітіп беруді ұсынады. Беларусь дәл осы әдіспен жергілікті өндірісін қарқынды дамытып, бүгінде өнімдерін Қазақстанға дейін экспорттап отыр.
Еуропалық тәжірибе де бұған дәлел. Венгрияда сауда желілерінің 70%-дан астамын отандық тауарлар құрайды, ал Франция, Германия, Польша сияқты елдер мемлекеттік қолдаудың арқасында өз нарығын қорғап отыр. Бұл елдерде отандық өнімнің үлесі заңнамалық деңгейде қорғалып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жергілікті өнімдерге басымдық беріледі. Қазақстанда дәл осындай жүйе қалыптастыру керек.
Президент тапсырмасы мен саяси жігер сынағы
Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің ішкі нарықты қорғауға қатысты тапсырмасы өте дер кезінде жасалды. AMANAT партиясының депутаты Нұржан Әшімбетов бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанын айтып, партияның осы бағытта нақты бақылау жүргізетінін жеткізді.
Мамандар назар аударатын тағы бір мәселе – Қазақстан шекарасынан өтіп жатқан сапасы күмәнді өнімдер. Мұндай өнімдер заңсыз жолдармен елге енеді және денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Себебі тауарлар көбіне санитарлық талаптарға сай емес, жарамдылық мерзімі аяқталуға таяу, құрамы мен сертификаттары күмәнді болады.
Салалық одақтардың зерттеуіне сәйкес, ветеринариялық инспекциялардың шекарадағы жұмысын түбегейлі күшейту керек. Қазіргі таңда ветеринарлық инспекторлардың техникалық мүмкіндігі де, мамандар саны да, өкілеттіктері де өте шектеулі. Бұл жағдайдың салдарынан сапасыз тауарлар нарыққа еш кедергісіз өтіп кетеді. Сала мамандары ветеринарлық бақылауды Ресей тәжірибесіне ұқсас етіп цифрландырып, шекара қызметімен толық үйлестіруді ұсынып отыр.
Жалпы алғанда, сала мамандары көтерген бұл мәселелердің ешқайсысы да орындалмайтын немесе күрделі міндеттер емес. Президенттің өзі бұл проблемаларды ашық айтып, шешуді тапсырған соң, сала одақтары да үміттеніп отыр. Енді Үкімет пен салалық мемлекеттік органдардың саяси жігері қажет.
Қазақстандық азық-түлік нарығын импорттан қорғау – ұлттық экономиканың іргетасын нығайтудың ең маңызды қадамы. Доллар бағамының шамалы өсуінің өзі біздің нарықтағы бағаға бірден әсер етеді. Себебі, импортқа тәуелділік өзге елдің инфляциясын Қазақстанға әкеледі. Ал өз өндірісімізді қолдау арқылы бұл мәселелерді түбегейлі шешуге болады.
Президент Жолдауында айтылғандай, елдегі азық-түлік нарығын қорғау – мемлекеттің негізгі стратегиялық міндеті болуы тиіс. Осы тұрғыда AMANAT партиясы мен сала мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауды күшейтетінін мәлімдеп отыр. Алдағы уақытта бұл бастамалар нақты жүзеге асса, отандық өндіріс өркендеп, ұлттық экономикамызды нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз.
Азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі деп жиі айатамыз, оның қалай түсінуге болады?

