Оразкүл Қамбарова – 95 жастағы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылында тұратын қария. Жолдасынан ерте айырылған ол – 7 ұлды өсірген батыр ана ғана емес, жастайынан қара жұмысқа араласқан тыл және еңбек ардагері. Оразкүл Орманқызы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жас кезін еске алды.
Ардагер Түркістан облысы, Төрткүл ауылында жиырма жылдан артық уақыт бойы мақта терумен айналысқан. Ол маусымдық жұмыс болған.
Жазда үкіметтің мақтасы болады, шабық. Шабыққа шығамыз, мақта піскен соң оны қапшыққа тереміз, теріп-теріп өткіземіз. Өткізбес бұрын оны таразыға тартады. Соның ақшасын аламыз. Жиын-терін біткеннен кейін қыстай өзіміздің 2 сиырымыз 20 шақты қойымызды бағып отырамыз, — деді қария.
Оразкүл Қамбарова бұрын мақта тергенде жұмысшылардың бәрінде сағат болмағандықтан, үзіліс пен жұмыс уақыты біткенін мақтаны өлшейтін адам хабарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ ол кезеңдер көңілді болғанын жеткізді.
Мақтаны таңертеңнен кешке дейін теретінбіз. Азанда 9-да барамыз, 1-де түскі үзіліс деп қайтамыз. Мақтаны есептеп, таразыда отыратын адамдар “түскі асқа шығамыз”, “кеш болды, қайтамыз” деп айтып тұрады. Көпшілікпен, өзіміз сияқты әйелдермен жүргеннен кейін қызық кездер болатын. “Бүгін пәлен келі мақта теріп, пәлен тиын болды. Кеш барып қалдық немесе ерте барып едік көп тердік, жақсы болды” деп өзіміз мәз болып жүретінбіз, — деді қария.
Оразкүл Қамбарованың сөзінен ол уақытта жұмысшыларға бүгінгідей жағдай жасалмағанын байқау қиын емес.
Ол уақытта су апаратын бөтелке де жоқ қой. Шай қайнататын көк шәйнегімізбен су апарамыз. Анау бір ішеді, мынау бір ішеді, сол таусылып қалады. Арық деген анау бір жақта, Құдай-ай, түс болғанша шөлдеп қайтамыз. Трактор да жоқ, дәнеме де жоқ. Кетпенді иығымызға саламыз да, бірталай жер болса да, жаяу кете береміз, — деді ол.
Қария өміріндегі ең үлкен өкініші оқымағаны болғанын айтып, қиын балалық шағын еске алды.
Біз соғыстың уағында, ойбой, көрмегеніміз жоқ. Әкеміз соғысқа кетіп жоқ болып кеткен. Шешемізді көрген жоқпыз. Бізден кейінгі баланы босанып жатқанда қайтқан екен, ол уақытта қазақтар үйде туады ғой. Сонымен әкеміздің апасы бар екен, соның қолында өстік. Оқу, мектеп көрген жоқпыз. Туысқаны бар ма, жекжаты бар ма, баласы сабақты оқысын дегендер апарып тастап, оқытып жүрді. Біз білмедік оқуды, апам жесір әйел, кімді оқытсын? – деді Оразкүл апа.
Ардагер бұрынғы мен қазіргі адамның айырмашылығы да оқуда екенін атады.
Қазіргі адамдар пысық қой, бұрынғы адамдар аңқау, оқымаған, қазіргілер білгіш қой. Заңды біледі, затыңды біледі, сөз мәнерін біледі, бәрі оқыған. Білгіш болатыны 6 жастан бастап оқиды, — деді ол.
Оразкүл Орманқызынан ол үшін бақыт деген не екенін де сұрадық.
Алдыңда бала-шағаң аман болса, өзіңнің денің сау болса, ел аман, жұрт тыныш болса, бізге сол – бақыт, — деді қария.
Тыл және еңбек ардагері бүгінде 7 баладан 31 немере, 48 шөбере көріп отырған қажы апа.