Астанадағы қазақ мектептерінің саны артып, орыс мектептері қысқарып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2024-2025 оқу жылында Астанада жалпы саны 188 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 109 мемлекеттік, 72 жекеменшік және 7 республикалық мектеп бар. Қазақ тілінде білім беретін 35 мектепте биыл 71 702 оқушы оқып жатыр. Қалалық білім басқармасы ұсынған дерек бойынша, былтыр қазақ мектептеріндегі оқушы саны 68 917 болған, биыл бұл көрсеткіш тағы өскен.
Ал орыс мектептері бір жыл ішінде үштен бірге дейін қысқарды. Өткен жылы 3 орыс мектебінде 3039 оқушы болса, биыл тек 1 ғана орыс мектебі қалып, онда бар болғаны 293 бала білім алуда.
Алайда аралас мектептер саны әлі де азаймай тұр
Қаладағы 69 аралас мектепте былтыр 140 810 бала білім алса, биыл олардың қатары 161 124-ке көбейген. Басқарма мамандарының айтуынша, мектепті және оқыту тілін таңдау құқығы әрбір ата-ананың өз еркінде болғанымен, жыл сайын қазақ тілінде білім алуға ниеттілердің саны артуда.
Елордадағы өзекті мәселенің бірі – үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептерді азайту. Қазіргі таңда қалада бес мектеп үш ауысымда оқыса, он төрт мектептің жүктемесі тым жоғары. Осы мәселені шешу үшін биылдың өзінде жалпы саны 34 390 орындық 24 мектепті пайдалануға беру жоспарланған.
Оның ішінде бүгінге дейін 18 990 орынға арналған 15 мектеп ашылып үлгерді. Жыл соңына дейін тағы да 15 400 орындық 9 мектеп пайдалануға беріледі.
«Осы жылдың соңына дейін №69, 71, 79, 83 секілді төрт үш ауысымды мектептің және №63, 78, 86 секілді үш тығыздалған мектептің мәселесі толық шешіледі. Ал қалған №37 үш ауысымды мектебі мен №1, 2, 3, 60, 62, 64, 72, 74, 75, 87, 89 сияқты он бір тығыздалған мектеп мәселесін 2025 жылы шешу жоспарда тұр. Ол үшін алдағы жылы қосымша 26 241 орындық тағы 23 мектеп ашылады», – делінген басқарма берген жауапта.
Сондай-ақ, қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес бір сыныпта оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс. Дегенмен, қазіргі уақытта қаладағы үш ауысымды бес мектеп пен он төрт тығыздалған мектептің кейбір сыныптарында бала саны 35-ке дейін жеткен.
Астана әкімдігі бұл мәселені алдағы екі жылда толығымен шешіп, оқу орындарының санын арттыруға басымдық бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







