Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің басы тағы да дауға қалды. Ол қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «француз тілінде сұрап тұрсың ба?» деген. Бұл жайт қоғамда қызу талқыға түсті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желіде осы жағдайға қатысты ойын ортаға салды. Оның сөзінше, Черчесов келгелі отандық футбол оңған жоқ.
«Мемлекеттік тілді мұқатып, әбден басынып бітті. Әлеуметтік желіде кеңінен тарап жатқан видео жақында түсірілген. Қазақстан-Словения матчынан кейін Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан қазақ тілінде сұрақ қойғысы келген. Станислав Черчесов «французша сұрап тұрсың ба?» деп, қадап тастады. …Қазақ тілді аудитория бұндай әзілдерді көтермейді. Жалпы қазақ елінде жүріп, күнін көріп, табыс тауып, сөйте тұра бұндай нәрсеге жол беру деген масқара», — деді ол.
Аслан Қаженов Черчесовтің бұған дейін де «шатылған тұсын» еске алды.
Бұны «срошно» еліне қайтару керек. Кешегі жағдайға өкініші де жоқ, кешірімі де жоқ. Керісінше, қатырдым деп жүрген шығар. Ендеше, бұл әркетке Станислав Черчесовті елімізге әкеліп, ұлттық құрамаға бас бапкер қылып қойған Қазақстан футбол федерациясы, сіздер, тікелей жауаптысыздар.
Айта кетейік, біраз уақыт бұрын Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов пен журналист Нұрсұлтан Құрманның арасындағы баспасөз мәслихатындағы даулы жайт қоғамда қызу талқыға түсті. Қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске Черчесов ескерту жасаған еді.
«Мен де осетин тілінде сөйлесем қалай болады? Алайда онда ешкім түсінбейді. Бұған дейін де қазақша сұрақ қойдыңыз. Ол кезде федерация президенті аударып берді, бірақ ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау алғашында тегін болады, ал кейін ондай жүрмейді», — дейді ол.