Астанадағы бір көше бұрынғы премьер-министр және мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімімен аталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бүгін көшенің және осы көше бойына орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылуы өтті.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, Энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және көрнекті тұлғаның отбасы мен туған туыстары қатысты.
Нұрлан Балғымбаев көшесі елорданың Есіл ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1100 м. Осыған дейін мұнда екі көше болған: алғашқысының жобалық атауы – №29/1 (Қабанбай батыр даңғылынан басталып, Ақмешіт көшесіне дейін жалғасады), ал екінші көшенің (Түркістан көшесінен басталып, Ұлы Дала даңғылына дейін жалғасады) атауы жоқ болатын.
Енді бұл екі көше біріктіріліп, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімімен аталады.
Көшенің ашылуында алғашқы болып сөз алған Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов Нұрлан Балғымбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Мұнай-газ саласының маманы ретінде жергілікті кадрларды даярлау, заманауи технологияларды енгізу арқылы мұнай-газ кен орындарын барлау, игеру, көптеген кәсіпорын ашу сияқты мұнай саласының өрлеуіне бағытталған қыруар жұмыс атқарғанын айтты.