Украинада Қазақстанның елшілігінде 1789 ҚР азаматы тіркелген. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті Елшісі Дархан Кәлетаев мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеп.
Елші ұсынған мәліметке сай, 2024 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің консулдық есебінде 1789 ҚР азаматы тіркелген, оның ішінде тұрақты консулдық есепте – 1193, уақытша консулдық есепте – 596 ҚР азаматы тұр.
Дархан Кәлетаевтың сөзінше, ел азаматтарынан эвакуацияға байланысты өтініш түспеген.
“Қазақстан азаматтарынан Украинадан эвакуациялауға қатысты Елшілікке өтініштер түспеген. Қазіргі уақытта Елшілік Украина аумағында жүрген 300 ҚР азаматымен байланыс орнатқан” деді ол.
Сондай-ақ ол Украинада артиллериялық шабуылдар мен әуе шабуылдарының жиілеп кетуіне байланысты 2024 жылғы 20 қарашада ҚР-дың Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік мақсатында белсенді ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарға жақын жерлерден кету немесе Украинадан шығу мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын атап өтті.