Жуырда Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи «Дариға Назарбаеваны мақтау процесі белең ала бастағанын» айтты. Бапидің бұл пікірі тегін емес секілді. Өйткені, расында да, желіде мұндай видеолар қылаң бере бастағанға ұқсайды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы әлеуметтік желіде журналист Сырым Итқұлов жазды.
«Қаңтар оқиғасынан кейін елден қашқандардың бәрі біртіндеп орала бастады. Оның (депутаттың — еск.) айтуынша, бұл отбасы миллиондық оқырманы бар блогерлер мен вайнерлерге «Назарбаев кезінде жақсы болған еді» деген контент түсіруі үшін демеушілік жасай бастаған», — деп жазды ол.
Журналист тикток желісінде Дариға Назарбаева жастармен тұрған видео тарағанын да айтты.
«Бұл — 2022 жылғы іс-шара. Кадрда ол үшінші президент, бірінші әйел басшы болады деген жазу да бар», — дейді Сырым Итқұлов.
Айта кетейік, Ермұрат Бапи Мәжіліс отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға туралы сөз қозғады.
«Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам — Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек», — дейді Ермұрат Бапи.
Депутаттың пікірінше, «қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған». Ермұрат Бапи әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды «саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару», «қайтып келу» әрекетін байқау қиын емес екенін айтты.
Ол Қаңтар оқиғасын да сөз етті. Бапидің сөзінше, бұл қанды оқиғаға себеп болғандар қоғамның санасын тағы да уламақ.
«Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағым» иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісіп жатыр. Бұған тағы да сол «успешный успех»-қа жеткен бұрынғылар мұрындық болып отыр. Қаңтардың қаһарынан қашып кеткендер біртіндеп, елге орала бастады», — деді ол.