Түркістан облысында биыл 50 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Бұл туралы бүгін Орткомда өткен брифингте облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өңір басшысының айтуынша, облыстың басты ерекшелігі халықтың 80 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологияларын дамыту және өнімді терең өңдеу негізгі бағыт ретінде қолға алынған.
«Елімізде жыл сайын су тапшылығы сезіледі. Түркістан облысына қажет судың 70 пайызы көрші елдерден келеді. Сондықтан егіншілікте суды үнемдейтін жаңа технологияларды қолдануға, тың дақылдар мен сұрыптарды өсіруге ерекше көңіл бөлеміз. Жалпы, алдағы уақытта су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға жеткізіп, суармалы алқаптардың 40 пайызын қамтуды жоспарлап отырмыз. Биыл осы бағытта нақты 50 мың гектарға технология енгізілді. Сонымен қатар жалпы құны 11,7 млрд теңге болатын үш өндіріс орны іске қосылды», – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс басшысы атап өткендей, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 958 млрд теңгеге жетіп, өсім 105,8 пайызды құрады. Осылайша, өңір республикада жетекші орында тұр.
Сонымен қатар, ішкі нарықты жергілікті өніммен толықтыру мақсатында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы сомасы 507 млрд теңгені құрайтын 105 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар іске асқанда 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Жақында ғана аймақта жалпы құны 7 млрд теңгелік «BNK Group LTD» компаниясының жаңбырлатып суғаратын 1000 дана техника шығаратын зауыты, 4,1 млрд теңгеге 14 мың гектарға арналған тамшылатып суару өндірісі, сондай-ақ «Тұран су» мекемесінің 650 млн теңгелік, жылына 9 мың гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесін өндіретін кәсіпорны толық іске қосылған.
Бұған қоса, шетелдік инвестордың қатысуымен 2024 жылы жалпы құны 2 млрд теңге болатын 40 мың гектарға арналған тамшылатып суару өндірісін ашу жоспарланып отыр.

