Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.
Қазақстанда жылдық инфляция қазанда 8,5 пайызға дейін өсті.
«Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы мен теңгенің әлсіреуі салдарынан болып отыр. Ішкі сұраныс жоғарылаған кезде азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті», — деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, жаһандық инфляция баяулап жатыр.
«Алайда сыртқы инфляциялық қысым соңғы айларда артып барады.Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляция және айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болып отыр. Қаржы нарықтары құбылып тұр», — деп жазылған хабарламада.
Базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орта есеппен бір баррель үшін 70 АҚШ долларына дейін төмендету қайта қаралды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасын, Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуін, әлемдік экономиканың баяулауын және Солтүстік және Оңтүстік Америкада өндірудің өсуін ескере отырып қалыптастырылған.
2024 жылға болжанған инфляция 8-9 пайызға дейін нақтыланды. 2025 жылға арналған болжам 6,5-8,5 пайызға дейін, 2026 жылға арналған болжам 5,5-7,5 пайызға дейін қайта қаралды.
«Инфляцияның орнықты бөлігі 2026 жылы 5 пайызға жақын қалыптасады. Жалпы инфляция 2027 жылы нысанаға жақын қалыптасады деп күтіледі», — деп жазылған хабарламада.
2024 жылға болжанған Қазақстан экономикасының өсуі 4-4,5 пайыз деңгейінде нақтыланды. 2025 және 2026 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5-5,5 пайыз және 4,6-5,6 пайызға дейін қайта қаралды.
«Неғұрлым төмен болжамдар мұнайдың сценарийлік бағасы төмендеуіне және бірқалыпты сыртқы сұранысқа байланысты», — деп жазылған хабарламада.