2026 жылғы республикалық бюджет елдің әлеуметтік саясатқа басымдық беретінін айқын көрсетті. Жалпы шығыстар көлемі 10,7 трлн теңгені құрап, оның басым бөлігі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бюджеттің 6,8 трлн теңгесі әлеуметтік төлемдерге жұмсалса, 3,9 трлн теңге білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, яғни адами капиталды дамытуға бағытталған. Үкіметтің негізгі мақсаты – құрылымдық реформалар арқылы шығыстардың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсарту.
Денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Мұндай өсім медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп, саланың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім және ғылым саласына 901,7 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат білім сапасын жақсартуға, дарынды жастарды қолдауға және ғылыми инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Сонымен қатар мәдениет, туризм және спорт салаларын дамытуға 263,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды нығайтып, елдің мәдени және туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылы шамамен 1,2 трлн теңге көлемінде шығын қарастырылған. Нақты секторды дамытуға бағытталған қаржы 540 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы 3,7 трлн теңгеге жетеді.
Жалпы алғанда, жаңа бюджет әлеуметтік тұрақтылықты сақтаумен қатар, экономиканың сапалы өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







