Танымал тележурналист Майя Бекбаева қазақстандықтарды тұңғыш президент күнімен құттықтаймын деп сынға қалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның сөзінше, қазір әлемде диалогқа, қауіп-қатер мен зорлық-зомбылықсыз жолмен елдің мүдделерін қорғауға қабілетті саясаткерлер өте аз.
«Уақыт өткен сайын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі мен рөлін терең түсінеміз деп сенемін. Менің ойымша, қоғам ретінде жүріп өткен жолымызға қарап, қателерімізді мойындауымыз және түзетуіміз өте маңызды. Бірақ жарқын сәттерді құнсыздандырмауымыз керек. Тұңғыш президент күні құтты болсын!» — деді ол.
Желі қолданушылары әлеуметтік желіде журналиске түрлі сын-пікір жазған.
«Қазір мұндай мереке жоқ қой», «Жүрек соғысыңыз баяуламасын», «Жаңа ғана не оқыдым?!» — деді олар.
Жүрек туралы әңгіме бекер емес. Өйткені Бекбаеваның Назарбаевқа қарата айтқан сөзі бұған дейін де сынға ұшырап еді.
«Сіз дегенде жүрегім тез соғады», — деген болатын журналист біраз уақыт бұрын.
Айта кетейік, Қазақстанда тұңғыш президент күні (1 желтоқсан) 2022 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойланбайды. Бұл шешім 2022 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістердің бір бөлігі болды.
Тұңғыш президент күні енді ұлттық мерекелер тізімінен алынып тасталды.