Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Сайыров өз сөзінде халықты қымбатшылық қысып тұрғанын жасырмады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сайыров жаңа жылды Үкіметті сынаумен бастағандай. Себебі депутат «Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, халқымыздың әл-ауқаты артар емес», — деді Мәжіліс отырысында.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112мың теңге, оның 98 мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, күріштің бағасы 31,3 пайызға, жұмыртқа 16,9 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған», — дейді Сайыров.
Депутат Сайыровтың сөзіне сенсек, бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жіберген.
«Баға қайда кетіп барасың» деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік! Ал еліміздегі ең төменгі төлем екі жыл болды 85 мың теңгеден көтерілмей тұр», — деді ол.
Депутат бұл бағытта мынадай ұсыныстар жасады:
- Ең төменгі төлемді индексация жасау;
- Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру
- Өңірлік әкімдіктер жергілікті тұрғындарға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды қолға алуы тиіс.
- Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.
- Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету қажет.