«Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс». Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қортындыланып, негізгі міндеттер белгіленген Үкімет отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы тоқталып өткен негізгі салалар бойынша сарапшылар өз пайымдауларымен бөлісті.
Экономиканы әртараптандыру
Экономист Бауыржан Ысқақов экономиканы әртараптандыру және салық саясатына қатысты өз пікірін білдірді.
«Біздің экономикамыз мұнай-газ секілді табыс түсетін 1-2 салаға ғана тәуелді екендігі белгілі. Сондықтан экономиканы әртараптандыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Мемлекет басшысы кеңейтілген жиында басқа салаларды дамыту арқылы тұрақтылықты арттыру қажеттігін айтты. 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде өсім 6 пайызға жақындаған. Яғни Қазақстанның өңдеу секторы мен жеңіл өнеркәсіп салалары дамудың жақсы көрсеткішін көрсетіп жатыр. Ендігі кезекте осы өңдеу өнеркәсібін ары қарай дамытуға күш салынбақ. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді», — дейді Бауыржан Ысқақов.
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қызмет көрсету саласын кеңейту, IT саласы, қаржы, туризм, білім беру салаларын дамыту арқылы экономика тұрақтылығын арттыруға болады.
«Қызмет көрсетуді кеңейту, IT саласы, қаржы, туризм, білім беруді дамыту — экономика тұрақтылығын арттырып, экспорттық әлеуетті көтереді. Инновациялық технологиялар мен жасыл экономика, жаңа технология мен тұрақты даму принциптерін енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуға мүмкіндік мол. Бұл саладағы инвестициялар тұрақты дамуға әсерін тигізеді. Оған қоса, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экспорттық потенциалды арттыруға мүмкіндік мол. Бұл өңірлердің, ауыл-аймақтардың дамуына мүмкіндік береді. Қаржы жүйесін жаңғырту арқылы ішкі инвестициялар мен инновациялық жобаларды тартуға ыңғайлана бастаймыз. Дегенмен экономикаға инвестиция тарту мәселесі қазір жақсы көрсеткіште деп айтуға ерте. Бұған бюрократиялық кедергілер, құқықтық қарама-қайшылықтар да себеп болып отыр», — дейді маман.
Экономист салықтық жеңілдіктерді қарастырып, кәсіпкерлікті жүргізудегі бюрократиялық кедергілерді азайту мәселесін де тілге тиек етті.
«Бюджет-салық саясаты бойынша бізге салық жүйесін оңтайландырған абзал. Бұл бірінші кезекте салық санын қысқартып, жүйені оңтайландыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, салық төлеушілерді қолдау үшін жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастырып, салықтық әкімшіліктендіруді автоматтандыру қажет. Бұл бюрократияның алдын алады. Одан кейін әлеуметтік бағыттағы салықты реформалау мәселесі бар, табысы төмен азаматтарға жеңілдіктер мен субсидияларды қарастырған жөн. Ауылдық жерлер мен әлеуметтік осал топтарға арнайы салық режимдерін енгізілуі тиіс», — деді ол.
Экономист бюджеттің тиімділігін, мақсатын қалыптастыру үшін бюджетті жоспарлау мен орындаудың жүйесін реформалау керектігін ұсынды. Халықтың мемлекетке деген сенімін арттырудың маңыздылығын да айтып өтті.
«Халықтың мемлекетке сенімін арттыру үшін бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы онлайн платформалар іске қосылуы керек. Бұл бірінші кезекте бюджетті жоспарлау мен орындау жүйесіне тікелей байланысты. Оған әртүрлі платформалар арқылы жұмыс жасауға болады. Міндетті түрде коррупциямен күрес, салық жүйесін жетілдіру, салық қызметтерінің тиімді әрі ашық болуын қамтамасыз етуді осы жерде қарастырамыз. Қабылданайын деп жатқан салық кодексі бірінші кезекте бизнес үшін тиімді құжат болуы тиіс. Осының арқасында бизнесмендер кәсіп ашуға қорықпайтындай күйге жетеді. Кәсіпкерлерліктің дамуына кедергі келтірмегені абзал. Қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін шетелдік инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер де қарастырылады. Президенттің өзі инвестиция біздің экономикамызға керек деп айтып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан салықтық-бюджеттік саясатты реформалау ең бірінші кезекте экономикалық тұрақтылықты арттыруға бағытталуы керек», — деді ол.
Инфрақұрылымды жаңғырту
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Өмірзақовтың пікірінше, кеңейтілген отырыста коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту стратегиялық мәселе ретінде айқындалды.
«Апатты жағдайда тұрған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу алғашқы міндеттердің қатарында тұр. Энергетика министрлігі берген мәліметтерге сүйенсек, еліміздің коммуналдық-энергетикалық саласындағы нысандарда орташа тозу көрсеткіші 60 пайыздан асады, ал кейбір нысандарда ол 90 пайызға жетеді. Жоба іске асса, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейі республика бойынша орта есеппен 40%-ға төмендейді және апаттар азаяды», — дейді Бауыржан Өмірзақов.
Сарапшының пікірінше, экономикалық өсу және электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа өндірістерді енгізу аясында «таза» технологиялар негізінде жаңа генерациялаушы қуаттарды сапалы және уақтылы іске қосуға баса басымдық беру қажет.
«Мемлекет басшысы тарифтердің көтерілуіне байланысты қоғамда ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарға жылу мен электр энергиясын үнемдеу мүмкіндігін беру керектігін баса айтты. Осы орайда Үкімет энергия үнемдеуді дамыту және тұрғын үй секторында энергия тиімділігін арттыру бойынша кешенді шараларды қабылдауға назар аударуы қажет. Іске асырылып жатқан шаралардың ішінде жылу энергиясын тұтынуды реттеуге және шығындарды 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған жылу пункттерін орнатуды, сондай-ақ 40%-қа дейін энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін жарықтандыру жүйелерін жаңғыртуды атап өтуге болады. Бұл бастамалар жайлылық пен үнемділікті қамтамасыз ететін тұрақты және заманауи инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ экономикалық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған», — деді ол.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, экономист Қайрат Бодауханның айтуынша, аграрлық секторды дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыру аса маңызды.
Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті
«Аграрлық сектор біздің еліміз үшін экономиканың негізгі драйверіне айналуы тиіс деп үнемі айтып келеміз. Алайда, өкінішке орай, бұл сала әлі де өз мүмкіндіктерін толықтай пайдалана алмай отыр. Кеңестік жүйе кезінде миллиард тонна астық өндірген агроөнеркәсіп кешенінің деңгейі қазір қандай жағдайда екенін салыстырсақ, ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 4-5 пайыздан аспайды. Халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, бұл жағдай көңілге қонымды емес. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын мемлекеттен бөлінетін миллиардтаған қаржының нәтижесі ашық көрсетілмейді. Бұл мәселеге байланысты Президент: «Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет», – деп атап өткен болатын. Ауылдық аумақтарды дамыту мен инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған қаржы көздерінің жұмсалуының нәтижелері де айқын емес», — деді Қайрат Бодаухан.
Салық-бюджет саясатын реформалау
Экономист сонымен қатар салық-бюджеттік саясатты реформалау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және білім, денсаулық саласына баса назар аудару қажеттігін алға тартты.
«Үкімет басшысы бюджет тапшылығын жабу үшін ұлттық қордан 10 триллион теңгеге дейін қаржы бөлуді сұрағаны белгілі. Бұл салық-бюджет саясаты түбегейлі өзгерістерге ұшырамағанын көрсетеді. Бюджет қаржысын жұмсаудағы «жемқорлық ұясы» әлі де толық ашылмай отыр. Қаржының тиімділігін есептеудегі «көлеңкелі» тұстар да көп. Сонымен қатар, монетарлық саясат та өз бағытында дамып жатқан жоқ. Әрине, мұның барлығы әлемдік қаржы нарығындағы жағдайларға, импорттық тәуелділікке, сондай-ақ қажеттіліктердің көп бөлігін өзіміз өндіре алмауымызға байланысты. Алайда, ішкі нарықтағы жағдайды саралау, отандық өндірушілердің құқығын қорғау, импорттық кейбір тауарларға, әсіресе азық-түлікке шектеулер қою жүйелі түрде жүргізілмейді. Себебі, біздің стандарттау мен сертификаттау жүйеміз әлсіз. Нәтижесінде дүкен сөрелерін негізінен импорттық өнімдер толтырып тұр. Ал отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін қорғауға қатысты жағдай да көңіл көншітпейді, өйткені халықаралық стандарттарға сәйкес сертификаттау жүйесі әлі де қалыптаспаған», — деді ол.
Білім мен денсаулық сақтау саласы
Қайрат Бодаухан, әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамытуға қатысты түйткілдерге де тоқталып өтті.
«Білім саласы әлі күнге дейін толық жүйеленген жоқ. Білім тегін болғанымен, мүмкіндігі бар ата-аналар балаларын «репетиторлар» арқылы ғана сапалы білім алуға мәжбүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ отбасылардың жағдайы қандай болмақ? Бұл мектептердің ата-ана күткен білім сапасын қамтамасыз ете алмай отырғанын білдіреді. Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік сақтандыру жүйесі де әлі толық қалыптасып, бір ізге түспеді. Бұл салада да «жемқорлық ұялары» бар екенін жоққа шығаруға болмайды», — деп қосты ол.
Автор: Меруерт Райым