Астанада Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық диалог жаңа мазмұнмен жалғасып жатыр. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің ресми сапары аясында екі елдің цифрлық даму бағыты ерекше назарға алынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі қонақты әуежайдан өзі қарсы алып, бұл сапарға берілген саяси мәнді айқындады. Күндіз Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы өтіп, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Сапардың маңызды бөлігі – цифрлық және технологиялық нысандарды аралау болды. Тоқаев пен Әлиев Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, Қазақстандағы цифрландыру мен AI саласындағы жобалармен танысты.
Меймандарға мемлекеттік басқаруда қолданылатын AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл жүйе мемлекеттік шешім қабылдауды талдауға және цифрлық басқаруды жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ Smart City технологиялары, робот техникасы, әртүрлі салаларға жасанды интеллект енгізу жобалары таныстырылды. «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан цифрлық бастамалар да көрсетілді. Одан кейін екі ел басшылары Astana Hub инновациялық экожүйесін аралап, стартаптар мен IT-жобалардың даму барысымен танысты.
Ильхам Әлиевтің Қазақстанның IT саласына қызығушылығы кездейсоқ емес. Екі ел де цифрландыруды экономиканы жаңғыртудың негізгі құралы ретінде қарастырады. Жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру және киберқауіпсіздікті күшейту – ортақ басымдықтар қатарында.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметті толық цифрландыру, деректерге негізделген басқару жүйесін енгізу бағытында да көзқарас ұқсас.
Бұл сапар Қазақстан мен Әзербайжанның тек дәстүрлі энергетика мен көлік саласында ғана емес, жаңа технологиялар бағытында да серіктестікті күшейтуге дайын екенін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







