Кейінгі күндері қоғамда «салық төлемеген» блогерлердің тізімі қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл турасында депутаттар да пікір білдірген, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Тізімде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның 2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
«КТК» арнасы мәліметінше, 2 жарым миллион оқырманы бар Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «блогерліктен табыс таппаймын» деген. Жарнаманы тегін жасайтынын айтқан ол блогерлердің салықтан жалтармағанын қалайды.
«Менде тегін. Тікелей айтайын, 2023 жылдың наурыз айынан бастап ешқандай ақылы жарнама салынбайды. Өйткені қазіргі қызметіме байланысты одан табыс табуға болмайды, біріншіден. Екіншіден, менің ұраным: «байыса, қазақ байысын» деп жүремін», — деген Мұқаев «КТК» арнасына.
Депутат Ринат Заитов та «заң бәріне ортақ, оған өнер жұлдыздары да, блогер, кәсіпкерлер де бағынуы тиіс» деді.
«Олар осы уақытқа дейін мойнына ешқандай жауапкершілік алған жоқ. Тіпті қарапайым айтылған өтініштерді де құлағына қыстарған жоқ. Енді тек заң тілімен сөйлесіп, жауап береді», — деген ол.
Бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен.
Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.
Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова TengriTV YouTube арнасына берген сұхбатында салық органдарына қазақстандықтардан шағымдар түскенін мәлімдеді.
«Бұл тексеріс азаматтардан көп шағым түскеннен кейін басталды. Халық блогерлер сән-салтанатпен өмір сүретініне қарамастан, салық төлемейтініне арызданды. «Оларды тексеріңіздер, олар қымбат көліктер мініп, элиталы пәтерлерде тұрады, зәулім үйлер сатып алады» деген өтініштер көп түсті. Әрине, осындай жағдайда қоғамда олар қанша салық төлейді деген сұрақ туындайды», – деді Құсайынова сұхбатында.
Оның айтуынша, блогерлерге салықтық хабарламалар 2025 жылдың ақпан айында жіберілген. Бұл шешім 2022-2023 жылдарға жүргізілген талдау нәтижесінде қабылданған.