Қазақмыс Кеңгір су қоймасын мемлекетке қайтарды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Прокурордың актісі бойынша Кеңгір су қоймасының гидротехникалық құрылыстары мемлекетке қайтарылды.
Бас прокуратура мәліметінше, кезінде бұл нысандар қала құраушы кәсіпорын «Kazakhmys Distribution» ЖШС балансына берілген. Мүлікті қайтару үшін облыс прокуратурасы чу ресурстары министрінің атына ұсыныс енгізді.
«Прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында сыйға тарту шарты жасалып, нысанды беру актісіне қол қойылды. Енді уәкілетті органдар оларды жаңғырту жөнінде одан әрі шаралар қабылдау мақсатында су қоймасы мен оның гидротехникалық құрылыстарына көп факторлы зерттеу жұмыстарын жүргізуі қажет», — деп жазылған хабарламада.
Кеңгір су қоймасы Ұлытау облысының игіліктерінің бірі, сондай-ақ, энергетика және ирригация саласында судың басты реттеушісі cаналады.
Су қоймасы 1952 жылы салынған (319 миллион шаршы метр) және оның гидротехникалық құрылыстары стратегиялық объектілер катарында, демек мемлекет меншігінде болуға тиіс.