Семейде қатарластары аяусыз ұрып-соққан баланың отбасына қазақстандықтар көмек қолын созды. Бұл туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Жүнісова мәлімдеді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
«Баланың отбасына көмектесу жөнінде көптеген сұрақ келіп жатыр. Оның әпкесінің есепшотына 24 миллион теңге жиналған, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсау жоспарланып отыр. Отбасы қазақстандықтардың қолдауына шын жүректен алғыс білдіреді», – деп жазды Жүнісова.
Сондай-ақ, бала құқықтары жөніндегі уәкіл үй таңдау мен оны сатып алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрылатынын жеткізді. Оған өңірлік және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енбек.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін Абай облысының полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Семейде арнайы комиссия осы оқиғаға байланысты шешім шығарды.
Қазір бұл іске қатысты материалдар сотқа жолданды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдер мамандандырылған мекемеде қанша уақыт болатынын анықтап, ата-ана құқығынан айыру мәселесі бойынша түпкілікті шешім шығарады.