Ақтөбеде оқушының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Полиция баланың киімі бүлінбегенін, ит тістемегенін мәлімдеді, -деп хабарлайды ErtenMedia Orda.kz-ке сілтеп.
Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласында 28 ақпанда сағат 7.30 шамасында болған. Маресьев көшесіндегі үйдің ауласынан 1-сынып оқушысының мәйіті табылды. Баланың өліміне қатысты сараптама жүріп жатыр.
«Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы мәйіттің зорлықпен өлтіру белгілері жоқ екенін анықтады. Баланың қайтыс болу себебін анықтау үшін сараптама тағайындалды», — деді Ақтөбе облысы ПД өкілдері.
Ақтөбе қалалық білім бөлімі марқұмның оқушы екенін растады. Жауаптылардың айтуынша, бала иттен қорқып кеткен.
«Ит тістемеген. Таңертең үйден анасы, апасымен бірге шыққан. Анасы есік жабамын дегенше, бала аулаға бірінші шығып кетеді. Қоқыс контейнерінің қасынан ит үріп шыққанда бала қорқып кеткен. Құлаған. Сол кезде анасы шыққан, үйіне әкелген, жедел жәрдем шақырған», — деді қалалық білім бөлімінің басшысы Әліби Латып.