Президент Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Облыс әкімінің баяндамасынан:
- Ислам даму банкі 135,5 миллиард теңгеге 24 ирригациялық жобаны қаржыландыруды мақұлдаған;
- Түркістан қаласы мен жақын маңдағы 6 ауданды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр;
- мақта-тоқыма кластерінде құны 197 миллиард теңге болатын 5 жоба іске асырылады;
- жүгері-сірне зауытының құрылысы басталған;
- Аустралия тәжірибесіне сай ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту қолға алынған;
- биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізіледі;
- медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 32 нысан пайдалануға беріледі;
- 45 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына кеше қол қойылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.
Президент облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, туризм, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын дамыту, елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.
3 наурызда Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.