Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшылардың беделін арттыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады. Осыған орай Өскеменде Workshop алаңы ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Өскемендегі “Мамандығым – Мақтанышым” Workshop алаңы мектеп оқушылары, студенттер, колледждер, жоғары оқу орындарының өкілдері мен облыс кәсіпорындарының басын қосқан бірегей шараға айналды. Ірі компаниялардың қызметімен және білім беру бағдарламаларымен сындарлы диалог форматында танысу өтті.
Бүгінгі таңда өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 101 мамандық бойынша кадр дайындайтын 38 колледж бар. Айта кету керек, дәл Шығыс Қазақстанда дуальды білім беру бағдарламасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Оған облыстағы 27 колледж бен 400-ден астам кәсіпорын қатысып жатыр.
Бағдарламаның әдеттегі оқу үдерісінен басты айырмашылығы – оқу процесінде алған теориялық білімді практикада тікелей қолдану мүмкіндігі. Сондай-ақ 100-250 мың теңгеге дейін жалақы беріледі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, Шығыс Қазақстанда жұмысшы мамандықтар тізімі кадр қажеттілігіне қарай көбейетін болады. Осылайша, жақын арада облыстағы колледждерде “Құрылыстағы сметалық есеп”, “Логистика”, “Қашықтан басқарылатын ұшақ жүйесі”, “Жаңартылатын энергия көздері”, “Әуе тасымалын ұйымдастыру” сынды мамандықтар бойынша оқыту басталады.
Семинар барысында мектеп оқушылары мен абитуриенттер оқу шарттарымен және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты. Бұл олардың болашақ мамандығын таңдауға зор септігін тигізеді.
«Оқу жылының аяқталуына өте аз уақыт қалды. Сұранысқа ие болу үшін қандай мамандық таңдау керектігін жақсылап ойлану керек. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтардың беделі жоғары. Олар экономикалық дамудың негізі саналады. Барлығыңызға өмірде өз орындарыңызды тауып, сапалы білім алуда сәттілік тілеймін», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан аудандарында кадрларды даярлау және қайта даярлау курстары ашылып, жұмыссыздарға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде мемлекеттік қолдау белсенді түрде қолданылып келеді. Жұмыс орындарын ашатын жаңа кәсіпорындар құрылып жатқандықтан, мұндай курстар ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін мүмкіндік береді. “Тамақтандыруды ұйымдастыру”, “Дәнекерлеу ісі”, “Электр жабдықтары”, “Есеп және аудит” сияқты мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік беретін Мобильді оқу орталығы ауылдық жерлерде де жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп жатқан мамандарды қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. Осылайша, өңірде кадр мәселесін шешу, жылу энергетикасы саласына білікті мамандарды тарту және оған сұранысты арттыру мақсатында 2024 жылдан бастап алғаш рет “Отбасы банкімен” бірлесіп “Шығыс Маманы” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы пилоттық режимде іске қосылды.