Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет», — деді Президент.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.