Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бүгін Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайға орай пікір білдірді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Бүгін Бурабай баурайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен төртінші Ұлттық құрылтай отырысы өтіп, алқалы жиында ауқымды елдік мәселелер ортаға салынды. Мемлекет басшысы осы кезге дейін атқарылған істерді қорытындылап, алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойды. Олардың қатарында салық жүйесін жетілдіруге жеке тоқталып, заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізуді тапсырды. Мұны алдағы жұмыс барысында депутаттар басшылыққа алатын болады», — деді депутат.
Бейсенбаевтың сөзінше, жаңа ақпараттық технологиялардың қарқын алуына орай қазіргі таңда интернет-алаяқтық белең алып алып отыр.
«Сол сияқты жалған психологтар мен «коучтардың» да көбейіп, қарапайым халықты сарсаңға түсіріп жүргені жасырын емес. Президент бұл мәселеге де мән беріп, құқық қорғау органдары мен депутаттарға осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуді жүктеді. Бұл – өте орынды көтерілген мәселе деп білеміз», — деді ол.
Сондай-ақ, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұны мен сапасы да Президент назарынан тыс қалмады.
«Жасыратыны жоқ, соңғы кезде түсірілген отандық фильмдердің арасында сапасы сын көтермейтін, тілі дүбәра, әдепсіз көріністерден көз сүрінетін, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын кинолар да кездесіп қалады. Ол өскелең ұрпақтың санасына теріс әсер ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де ден қойып, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастыруды айтты», — деді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде шекара маңындағы елді мекендерді сақтап, дамытудың маңызы зор.
«Осыған байланысты Amanat партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы осы бастаманы қолдап, Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырды. Бұл да – еліміздің қауіпсіздігі мен шекара маңындағы өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне серпін берер оң қадам», — деді ол.
Депутар қазіргі кезде әлем төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұрғанын жеткізді.
«Озық елдер цифрландыруға, жасанды интеллект технологиясын дамытуға жаппай кірісуде. Жаңа заманның көшінен қалмау үшін еліміз де жүйелі жұмыстарды қолға алуы керек. Осы ретте Президент «Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады», – деп, басым бағыттарды айқындап берді» — деді ол.
Оның айтуынша, алқалы жиын барысында Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау – ел дамуының кепілі.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.