Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің кемшіліктері күн өткен сайын анық байқалуда. Осыған орай, 30 сәуірде Мәжілісте медициналық сақтандыруға қатысты заң жобасы алғашқы оқылымда мақұлданғанымен, депутаттар бұл саладағы түйткілдерді ашық сынап, тың ұсыныс жасады деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазіргі жүйенің басты кемшілігі – медициналық қызметке бөлінетін қаржыны тарату мен бақылаудың тек мемлекеттік мекемелердің қолында шоғырланып қалғанын айтады. Мұндай жағдай сапасыз медициналық қызмет пен қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол ашып отыр.
Депутат бұл мәселені шешудің жолы ретінде сақтандыру жарналарының бір бөлігін азаматтардың жеке таңдауымен жеке сақтандыру қорларына аударуға рұқсат етуді ұсынады.
«Менің ұсынысым – жұмыс беруші немесе қызметкердің аударып отырған ақшасынан кемінде 1%-ын пациент өзі қалаған жеке сақтандыру қорына жіберуге мүмкіндік беру. Бүгінгі күні МӘМС аясында қызмет көрсететін мекемелер – негізінен мемлекеттік емханалар мен санаулы ғана жеке клиникалар. Оның өзінде жеке клиникалар тек қалаларда орналасқан. Ауыл тұрғындарында таңдау мүмкіндігі жоқ. Ал азаматтар әртүрлі себептермен жеке медициналық орталықтарға жүгінгісі келсе, неге біз оларға ондай мүмкіндікті бермейміз?» – дейді Айдос Сарым.
Оның сөзінше, емделушінің өзі қалаған мекемеге баруы, әсіресе іссапар немесе басқа себеппен тұрғылықты жерінен тысқары жүрген кезде аса маңызды. Қазіргі қолданыстағы ережелерге сай, өзге өңірде медициналық қызмет алуға көбіне мүмкіндік жоқ. Бұл жағдайда азаматтар медициналық қызметтің ақысын өз қалтасынан төлеуге немесе үйге қайтқанша шыдауға мәжбүр.
Айдос Сарым ұсынған икемді жүйе азаматтарды өз денсаулығына ұқыпты қарауға ынталандырып қана қоймай, бәсекелестікті күшейтіп, медициналық қызмет сапасын арттырады. Бұған қоса, әр азаматқа тиесілі медициналық сақтандыру полисін бүкіл ел аумағында қолдануға болатын әмбебап әрі жеке нөмірі бар электронды құжат ретінде енгізу қажет. Бұл өз кезегінде қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалауға, медицина мекемелерінің жалған қызмет көрсетуін тоқтатуға жол ашады.
Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің пікірінше, Қазақстандағы медициналық сақтандыру жүйесі әуел бастан дұрыс құрылмаған. Қазір жүйедегі бақылаудың барлығы Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ғана шоғырланған. Ал жүйеге ақша төлеп отырған халық сол қаражатты басқару мен бақылаудан мүлдем тыс қалған.
Әбенов, сонымен қатар, медициналық қызмет көрсетуде заң бұзушылықтарға барған мекемелердің жауапкершілігін қатаңдатуды талап етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда медициналық мекемелерге салынатын айыппұлдың көлемі жасалған заң бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келмейді. Тіпті кейбір медициналық мекемелердің лицензиясыз қызмет көрсетуі, талапқа сай емес жабдықтарды қолдануы немесе мамандардың біліктілігі төмен болуы секілді өте өрескел жағдайлар кездеседі.
«Айыппұл көлемі жасалған заң бұзушылықтың салмағынан бірнеше есе төмен. Оның үстіне, сол айыппұлды төлету үшін мемлекет заң бұзған мекемеге бұрынғыдан да көп мемлекеттік тапсырыс беруге мәжбүр болып отыр», – дейді Мұрат Әбенов.
Осылайша, Мәжіліс депутаттары МӘМС жүйесін халықтың пайдасына қарай қайта құру қажеттігін көтеріп, медициналық қызмет сапасын арттырудың нақты әрі тиімді жолдарын ұсынып отыр.