Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған қаржының тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Монополияға қарсы агенттіктің тексерісі бұл саладағы жүйелік мәселелерді ашып көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тексеріс нәтижесінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) өз міндетін толық орындамай, керісінше нарықтағы тепе-теңдікті бұзғаны белгілі болды. Кей жағдайларда қаржылық тәртіп сақталмай, әділетсіз артықшылықтар берілген.
Мәселен, бір ғана қарыз алушыға 489 млн теңге көлеміндегі заем бірнеше рет қайтарымсыз ұзартылған. Осындай тәсілмен жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден асатын қарыздар да қайта құрылымдалған. Сонымен қатар кей кәсіпкерлерге пайызсыз әрі жеңілдетілген несиелер берілгені анықталған.
Бұл әрекеттер нарықтағы басқа қатысушыларға тең емес жағдай туғызып, бәсекеге кері әсер еткен. Бюджет қаржысының игерілуіне қатысты да сұрақ көп. Бағаны тұрақтандыру үшін сатып алынған азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі нарыққа шығарылмаған. Соңғы екі жылда алынған тауарлардың тек шамамен бестен бірі ғана тұтынушыға жеткен.
Кей өнімдер әлі күнге дейін қоймаларда сақтаулы тұр. Бұл – жоспарлау мен логистиканың әлсіздігін көрсетеді.
Тағы бір мәселе – сатып алу мерзімдерінің дұрыс таңдалмауы. Мысалы, картоп бағасы төмен кезеңде, яғни қазан-сәуір айларында 5,1 млрд теңгеге өнім сатып алынған. Ал баға өсетін мамыр-шілде айларында тұрақтандыру тетіктері іске қосылмаған.
Сонымен қатар кейбір келісімшарттардың тең емес шарттармен жасалғаны да анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша бір ӘКК-ға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Басқа корпорацияларға сегіз ескерту берілді.
Агенттік жүйені реформалау үшін нақты ұсыныстар әзірледі. Олардың қатарында – барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелер енгізу, қарыз өтелмей жаңа несие бермеу, тауарларды бөлу жоспарын ашық жүргізу және жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейту бар.
Бұл жағдай әлеуметтік маңызы бар нарықты реттеу тек қаржы бөлу арқылы емес, жүйелі басқару мен ашық бақылау арқылы жүзеге асуы тиіс екенін көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







