Қазақстанда халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі қабылданып, саланы реттеудің негізгі қағидаттары айқындалған. Кодекстегі басты бағыттардың бірі – халықтың ауыз суға әділ әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда республика бойынша 100% ауыз сумен қамту мақсатында су жүйелерін салу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – инфрақұрылымды жаңғырту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған негізгі міндеттердің бірі.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауыз судың бағасын төмендету үшін арнайы қолдау шаралары енгізілген. Соның бірі – су тарифтерін субсидиялау механизмі.
Министрлік бұл бағытта қажетті нормативтік-құқықтық базаны толық қалыптастырған. Субсидиялау қағидалары, тарифтерді есептеу әдістемесі және қандай елді мекендер жеңілдік алатынын анықтайтын критерийлер бекітілді.
Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, еліміздегі су тарифтері өңірге қарай әртүрлі. Бұл су көзінің түріне, қашықтығына, желілердің ұзындығына және қызмет көрсету шығындарына байланысты қалыптасады.
Мысал ретінде Қостанай облысындағы жағдай келтірілді. Мұнда топтық су жүйелерінің ұзындығы шамамен 1000 шақырымға жетеді. Соның салдарынан көршілес екі ауылда тариф әртүрлі болуы мүмкін. Субсидия алатын ауыл тұрғындары 1 текше метр су үшін шамамен 100 теңге төлесе, тізімге енбеген ауылдар толық тарифпен есеп айырысады.
Жалпы, жаңа Су кодексі мен субсидиялау жүйесі халыққа қолжетімді тариф қалыптастыруға және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







