Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданына жұмыс сапары барысында Шипалы көлде болып, демалыс аймағын дамытуға қатысты жобалармен танысты,- деп хабарлайды Ertenmedia
Шипалы көл (ел арасында Шошқалы көл деп аталып кеткен) – Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде, аудан орталығынан 85 шақырым жерде, «Семей Орманы» табиғи резерваты аумағында орналасқан ерекше табиғи нысан. Көлдің суы мен балшығы емдік қасиеттерімен танымал.
Туристік аймаққа әкімдік тарапынан инфрақұрылым тартылса көлге инвестиция салуға дайын кәсіпкерлер аз емес. Жергілікті инвесторлардың бірі көл жағасына сауықтыру, демалыс кешенін, енді бірі 300 орындық балалар сауықтыру лагерін салуды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы бастамаларға қолдау білдіріп, әкімдік инфрақұрылым желілерін тартуға көмек көрсететінін айтты.
«Шипалы көлдің әлеуеті өте жоғары. Көлге инфрақұрылым тартылса, келеміз деп отырған инвестор көп. Негізгі жолдан көлге дейінгі 7-8 шақырым қара жол. Биыл оған асфальт төсейміз. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы электр желісін тарту бойынша ұсыныс беріңіздер. Біз облысымыздағы осындай туристік орындарды тиімді пайдалануымыз керек», — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы облыстағы туристік орындарды дамыту бойынша Туризм басқармасының басшысына тапсырма берді.
Жағажай аумағы демалушылар үшін абаттандырылып, киім ауыстыруға арналған кабиналар, күннен қорғайтын құрылыстар, волейбол алаңы, барбекю аймағы мен демалыс орындары орнатылған. Көл маңында жартылай жеке кордон және 12 төсек-орындық қонақүй де бар.
Бүгінде көл жағасында 10 жеке кәсіпкер демалушыларға түрлі қызмет көрсетіп келеді. Жазғы маусымда демалыс күндері келушілер саны 700-800 адамға дейін жетсе, аптаның басқа күндері шамамен 300 адам тынығады.