Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Polisia.kz порталына берген сұхбатында президент Тоқаевтың заң мен тәртіп қағидаты қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді деп жазады Ertenmedia.
Оның сөзінше, елде тәртіп орнауы үшін тек жазалау шараcы жеткіліксіз, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен ішкі жауапкершілігі де жоғары болуы керек.
Министр қоғамда әлі күнге дейін орын алып отырған келеңсіз жағдайға мысал ретінде мас күйінде көлік жүргізетіндерді атады.
«Өкінішке қарай, кейбір азаматтар көлікті ішіп алып жүргізгені үшін жазаны жеңілдетуді сұрап жатыр. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Биылдың өзінде алкогольдік ішімдік ішіп көлік айдаған 5 мыңға жуық жүргізуші ұсталды. Мұндай жүргізушілерге жазаны күшейткен соң, оқиғалар саны азайғаны рас. Бірақ мұндай фактілер әлі де бар», – деді Сәденов.
Оның айтуынша, ішіп алып көлікке отырған адам потенциалды қылмыскер. Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгендердің кінәсінен 18 адам қаза тауып, 300-ден астам азамат жарақат алған.
«Осындай әрбір қайғылы жағдайдың артында жәбірленуші ғана емес, оның жақындарының да тағдыры тұр. Мұндай азаматтарға қандай жеңілдік туралы айтуға болады? Ішіп алып көлік жүргізуді кешіруге болмайды. Бұл әрекетті ақтауға тырысқандардың сөзін тыңдау ішімдікке тойып алып көлік айдағандарды қолдаумен бірдей», – деп атап өтті министр.
Министрдің пікірінше, тәртіптің орнығуы тек полицияның бақылауына байланысты емес. Ол үшін қоғамның көзқарасы да өзгеруі қажет.
«Елдегі тәртіпті полиция ғана орната алмайды. Әрбір азамат өзінің іс-әрекеті үшін жауап беретінін түсінуі тиіс. Мас күйінде рөлге отыру полиция ұстап алады деп емес, бұл мүлде дұрыс емес әрекет деп қабылдануы керек. Мұндай түсінік қалыптастыру біздің ортақ міндетіміз», – деді Сәденов.
Министрдің айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты елде шынайы орнауы үшін жауапкершілік отбасынан басталуы тиіс.