Астанада Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Президент көмекшісі Ержан Жиенбаевтың қатысуымен кассациялық соттың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Рәсімге Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысы Судьялардың IX съезінде әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру және инвестициялық климатты жақсарту мақсатындағы сот реформасын жүзеге асыруға ерекше мән бергенін айтты.
Жоғарғы Сот Төрағасының пікірінше, кассациялық соттың ашылуы сот жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңі. Бұл қадам сот төрелігінің сапасын арттыруға және әділдік стандарттарын көтеруге бағытталған.
Мемлекет басшысының Жарлығымен кассациялық соттарға төрағалар тағайындалды. Атап айтқанда, азаматтық істер бойынша – Асқар Смайылов, қылмыстық істер бойынша – Ақан Жұмағұлов, ал әкімшілік істер бойынша – Берік Нәжімиденов таныстырылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы кассациялық соттар еліміздегі заң үстемдігін нығайтудың және «Заң мен тәртіп» қағидатын бекітудің маңызды буынына айналатынына сенім білдірді.
Ресми іс-шарадан кейін қатысушылар азаматтық және қылмыстық кассациялық соттар ғимараттарын аралап көрді. Сондай-ақ, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың фронт-офисін, сот отырыстары өтетін залдарды, судьялар, прокурорлар, медиаторлар мен адвокаттар бөлмелерін және оқу орталығын қарап шықты.
Одан кейін Асламбек Мерғалиев пен Ержан Жиенбаев кассациялық сот судьяларымен жұмыс кеңесін өткізіп, басымдықтарды айқындап, нақты міндеттерді белгіледі.
Сол күні Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров кассациялық соттар департаментінің жаңа басшысы – Ержан Қожахметовті ұжымға таныстырды. Бұған дейін ол Сот әкімшілігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы қызметін атқарған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

