Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Hyundai Trans Auto зауытының өндірістік үдерістерімен танысты. Бұл – «Астана Моторс» компаниясына қарасты, жүк және жолаушылар көлігін құрастыратын ірі кәсіпорын. Алматының индустриялық келбетін қалыптастырып келе жатқан зауыттың жалпы аумағы 10 гектарды құрайды. Мұнда Hyundai, Foton және Golden Dragon маркалы техникалар құрастырылады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зауыт заманауи талаптарға сай дәнекерлеу, бояу, құрастыру цехтарымен жабдықталған. Сондай-ақ, көлік техникасына қажетті үстіңгі құрылымдар мен қосалқы бөлшектер осы жерде, өз базасында жасалады. Қуаттылығы да едәуір – жылына 1 200 автобус пен 10 мың жүк көлігі шығаруға қауқарлы.
Кәсіпорын 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді және отандық автокөлік өнеркәсібінің қалыптасуына елеулі үлес қосып отыр. Биылдың өзінде ғана Hyundai Trans Auto 1,9 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Қазіргі таңда зауытта 400-ден астам жергілікті маман жұмыс істейді, бұл – Алматыдағы өндірістік еңбек нарығына қосылған нақты үлес.
Қала басшысы зауыт ұжымымен кездесуде өнеркәсіптік дамудың стратегиялық бағытына тоқталып, инновациялық жобалар мен экспортқа бағытталған өнімдерге қолдау қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – өндіріс тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де өнім шығаратын маңызды бағыт екенін білдіреді.
Сондай-ақ, кездесуде өндіріс көлемін ұлғайту, техниканың құрамындағы отандық бөлшектер үлесін арттыру, әрі ішкі және сыртқы нарықта отандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелері талқыланды. Бұл – ел экономикасын әртараптандыру мен өнеркәсіптік тәуелсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Алматы әкімдігінің өндірістік секторға көңіл бөлуі, бір жағынан, қаланың жұмыс орындарын арттырып, индустриялық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, бұл – Қазақстанның көлік құрастыру саласын нығайту арқылы халықаралық нарықтағы орнын күшейтуге бағытталған нақты қадам.