Шымкент әкімінің көмекшісі Талап Рахымбердиев қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сотта куәлік берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, Руслан Берденов жиналыс сайын басқарма басшыларын үнемі тексеріспен қорқытқан.
«Берденов басқарма басшыларын жинағанда әр жиналысты тексеріспен, «антикор мен экономикалық тергеу қызметін барлық жерге жіберемін» деген ескертумен бастайтын», – деді куәгер.
«Тұрғын үй Шымкент» серіктестігінің экс-директоры Ернар Жиембай мен Берденовтің арасында келіспеушілік болды ма деген сұраққа куәгер қысқа ғана «жоқ» деп жауап қатты.
«Жиембаймен тек бір рет қана, оның өзінде телефонмен сөйлестім. Оқиға болған күні басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев мені кабинетіне шақырып, Жиембай өз еркімен жұмыстан кететінін жеткізді. Маған Ернарға хабарласып, өтініш жазды ма, жоқ па соны анықтауды тапсырды. Ернарға қоңырау шалғанымда, ол «маған бір ай уақыт берілген еді ғой» деді. Мен «түсіндім» деп тұтқаны қойдым», – деді куәгер.
Еске сала кетсек, 6 тамызда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасамақ болды деген айыппен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиембайға қатысты сот басталған еді.