Астанада «Азаттық радиосының» (RFE/RL-Kazakhstan) жеті журналисіне аккредитация беруден бас тартқан Сыртқы істер министрлігіне қарсы сот отырысының жарыссөзі өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Редакцияның адвокаты Лилия Чаусованың айтуынша, министрліктің өзі журналистердің құжаттарын қарастыруды негізсіз созып, ақыры заңсыз түрде аккредитация беруден бас тартқан.
Адвокат бұл үшін жауапкершілік редакцияда емес, ведомствода екенін алға тартты.
Министрлік өкілі Әсел Мамашева болса, журналистердің аккредитациясыз жұмыс істегенін және заң бұзғанын мәлімдеді. СІМ дәл осы себеппен құжаттарды мақұлдамағанын айтты.
Іс бойынша сот шешімі 19 тамыз күні жарияланады.
Айта кетейік, шілде айында «Азаттық радиосы» Сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Бұған дейін министрлік жеті журналистің аккредитациясын ұзартудан бас тартып, редакцияның бейбіт келісім туралы ұсынысын да қабылдамаған болатын.