Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігінен Азаттық радиосының маусым айынан бері аккредитациясыз қалған 16 журналисінің құқығын қалпына келтіруді талап етті деп жазады Ertenmedia.
Ұйым мәлімдемесін 19 тамызға белгіленген сот отырысының қарсаңында жасады.
2024 жылы қабылданған БАҚ туралы заңға сәйкес, шетелдік журналистер Қазақстанда аккредитациясыз жұмыс істей алмайды.
«Азаттық радиосының өткір материалдары Қазақстан медиа саласындағы маңызды орнын жоғалтпауы тиіс. Сот шешімі радио жұмысына үлкен кедергі келтіруі мүмкін екеніне алаңдаймыз. Қазақстан билігі Азаттық журналистеріне қысым жасамай, жұмысын жалғастыруына жағдай жасауы керек. Шетелдік БАҚ-ты аккредитациялаудағы қатаң ережелер қайта қаралуы тиіс», – дейді Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа мен Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.
Ertenmedia мәліметінше, Сыртқы істер министрлігі Азаттықтың бюро жетекшісі бар 16 журналисінің аккредитация мерзімін ұзартудан бас тартқан. Министрлік «өтініш қаралып жатқан уақытта журналистердің жұмыс істеуі заңға қайшы» деген себепті алға тартты.
Ал редакция министрліктің өзі өтініштерді белгіленген екі айлық мерзімнен кешіктіріп, уақытты созғанын және кейін осыны сылтау етіп отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, «аккредитациясыз жұмыс істеуге болмайды» деген заң талабы Азаттықтың журналистеріне қолданылмауы тиіс, себебі олардың барлығы Қазақстан азаматтары.
Бұған дейін де Сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден және мерзімін ұзартудан бас тартқан еді.
«2024 жылғы аккредитация ережесіне енгізілген шектеулер әу баста-ақ Азаттық радиосының журналистеріне қарсы бағытталған болатын. Мұны бұрын да айтқанбыз, қазір тіпті айқын көрініп тұр», – дейді Legal Media Center құқық қорғау ұйымының медиа-қолдау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Біржанова.
Журналистерді қорғау комитеті Сыртқы істер министрлігінен осыған байланысты түсініктеме сұраған, алайда әзірге жауап берілмеген.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Азаттық редакциясы аккредитация мәселесіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін сотқа берген еді. Министрлік медиа ұйымның бітімге келу туралы ұсынысынан бас тартты.
18 тамызда Астанада тараптар арасында сот жарыссөзі өтті. Сот шешімі 19 тамыз күні жарияланады.