Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі білім беру саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, басты міндетіміз – сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Облыс бойынша 24 900 орындық 26 «Келешек мектептің» құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 10 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған нысандар да оқушыларға есігін айқара ашады. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны айтарлықтай қысқарады», – деді облыс әкімі.
2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысында 45 325 орындық 50 жаңа мектеп салынды. Бұл көрсеткіштің арқасында үш ауысымды білім ошақтарының саны 52-ден 30-ға дейін азайды. Бұған қоса, соңғы үш жыл ішінде 73 мектеп пен білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтті.
Дегенмен, кейбір мердігер ұйымдардың жұмысты уақытында аяқтамауына байланысты төрт нысанда Талғар ауданының Белбұлақ және Нұра ауылдарындағы мектептерде, Қонаев қаласындағы №4 мектеп пен облыстық мектеп-интернатта жөндеу жұмыстары кешігіп отыр. Бұл бойынша жауапты мердігерлерге қатысты тиісті шаралар қабылданып, сотқа жолданған.
Алматы облысында «Келешек мектептер» жобасы толық орындалғанда, үш ауысымды білім беру түйткілі түбегейлі шешіліп, оқушылардың сапалы білімге қолжетімділігі арта түспек.