Қазақстанда онлайн-казиноны жарнамалап, халықты құмар ойынның тұзағына түсірген 34 блогер анықталды. Олардың арасында танымал рэперлер мен желі жұлдыздары бар, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы мониторингі агенттігі құмар ойын жарнамасын кәсіп еткен блогерлердің табыс көзін бітеп тастауды көздеп отыр.
«Олар заң бұзуды әдетке айналдырып, елдің қалтасын қағып, қаншама отбасыны ойрандады», – дейді ведомство өкілдері.
Мәселен, рэпер Baller деген лақап атпен танымал Шыңғысхан Көпбаев биылдың өзінде онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін бес мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Агенттік атышулы блогер Қайсар Қамзаның әрекетін «ашық арандату, қоғамды теріс жолға салу» деп бағалап отыр. Айтуларынша, Қамза халықты заңсыз казиноға тартудың түрлі тәсілін меңгеріп алған.
«Ол өзінің Telegram-арнасында онлайн-казиноға қатысу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық жариялап, көрерменді жалған видеолармен алдап келген. Миллиондап жүлде ұтқан алған фейк жеңімпаздарды көрсетіп, жұртты мақсатты түрде адастырған. Осындай жарнамадан түскен қыруар ақшаны сән-салтанатты, жын-ойнақ өмірге төгіп-шашып жүр. Қымбат қонақүйлерде демалып, Оңтүстік-Шығыс Азия, БАӘ, Түркия сияқты елдерді күн құрғатпай аралайды. Бұл жұрттың сенімі мен отбасының нәпақасынан ұрланған қаржы», – деді агенттік өкілдері.
Трансгендер Наиль Тұрганов онлайн-казино жарнамасынан 8 млн теңгеден аса пайда тапқан. 600 мыңнан аса жазылушысы бар блогер-музыкант Ринат Шамшырақ та казино бизнесінің амбассадоры.
Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлемжеліде жұртты заңсыз ойынға ашық үгіттеп, жалпы 15,8 млн теңге табыс тапса, соның жартысын құмар ойындарда ұтылып қалған.
Бұған әйелдер қауымы да белсенді араласуда. Instagram-дағы сторисіне онлайн-казино жарнамасын салғаны үшін Мариям Құлжабаева («@oomariko») 350 мың теңге сыйақы алған. Агенттіктің хабарлауынша, мұндай жолмен ақша тауып жүрген Диана Халметова, Әсем Әубәкірова, Зухра Хәкиева, Арина Байкова және Күмісай Әйімбетова сияқты блогерлер де бар.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша, әкімшілік жазаның әлсіз екенін түсінген Қаржы мониторинг агенттігі онлайн-казино жарнамасын пирамидамен теңестіріп, Қайсар Қамза секілді блогерлерді бірден қылмыстық жауапқа тартуды көздеп отыр.
Алдағы уақытта бұлардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлімі (заңсыз ойын бизнесіне сыбайлас болу) бойынша қаралатын болады.