Алматы облысында ірі агроөнеркәсіптік парк салынады.
Бұл туралы Ertenmedia «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа кешеннің құрылысын КТЖ еншілес компаниясы KTZ Express, ресейлік «Славтранс-Сервис» және «ТЛЦ Алатау» бірлесіп жүзеге асырмақ.
Құжатқа Мәскеу облысында өткен халықаралық бизнес-миссия аясында Алматы облысының әкімі мен Мәскеу облысының губернаторының қатысуымен қол қойылды.
Алматы іргесіндегі жаңадан салынып жатқан Алатау қаласында бой көтеретін кешенге «А» класындағы заманауи қоймалар, температурасы реттелетін қойма орындары, контейнерлік терминал, көтерме және бөлшек сауда орталықтары кіреді. Сонымен қатар, фитосанитарлық бақылау және кедендік рәсімдеу аймақтары да ашылады.
Жаңа хаб өндірушілерді, экспорттаушылар мен ірі сауда желілерін ортақ жүйеге біріктірмек. Бұл отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруды жеңілдетіп, жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар өңір экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.
КТЖ-да бұл жобаның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экспортты дамыту және отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығару туралы тапсырмасына толық сәйкес келетіні айтылды.
Айта кетсек, бұл КТЖ мен «Славтранс-Сервис» компаниясының алғашқы бірлескен жобасы емес. Ресейлік компания бұған дейін КТЖ және Қытайдың Xi’an Free Trade Port Construction & Operation компаниясымен бірлесіп, Мәскеу облысындағы Селятино елді мекенінде ірі логистикалық кешенді іске асыруда.
Алматы облысындағы жаңа агропарктің құрылысы жақында ғана Президент жарлығымен құрылған Алатау қаласының даму жоспарына да енген. Бұл қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген.