Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова банктердің мемлекеттік көмек есебінен алған қаражатын қашан қайтаратынын және жаңа антикризистік шаралардың іске қосылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әбілқасымованың айтуынша, қазір төрт банктің балансында жалпы көлемі 1,3 трлн теңге мемлекеттік көмек қаражаты тұр.
Оның ішінде Alatau City Bank-те 950,2 млрд, Bank RBK-де 176,8 млрд, Еуразиялық банкте 150 млрд, ал Нұрбанкте 46,8 млрд теңге.
Бұл банктер алдағы үш-бес жылда аталған қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап отыр. Бірақ Alatau City Bank міндеттемені ұзақ уақыт ішінде ғана орындай алады.
Соңғы үш жылда кейбір банктер мемлекет алдындағы қарызын толық немесе ішінара мерзімінен бұрын қайтарған.
Мәселен, Halyk Bank 2015 жылы Казкоммерцбанк арқылы алған 250 млрд теңге депозитті толық қайтарған. Ал Alatau City Bank биылғы қыркүйектің басында 50 млрд теңге, былтыр сәуірде 100 млрд теңге төлеп, жиыны 150 млрд теңгені бюджетке аударды.
Сонымен қатар, Банк ЦентрКредит мемлекет алдындағы 60 млрд теңге қарызын үш кезеңмен толық өтеді. Bank RBK болса, 66,9 млрд теңгені қайтарған.
Жиында Әбілқасымова банктердің қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қолданылатын жаңа механизм туралы да айтты. Агенттік басшысының сөзінше, бұдан былай банк жүйесінде үш деңгейлі антикризистік режим енгізіледі.
Банктің қаржылық жағдайына байланысты кезең-кезеңмен іске қосылатын режимдер: күшейтілген қадағалау, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу.
Әр кезеңнің басталуы нақты критерий бойынша анықталады. Мұндай механизм АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елдерінде қолданылып келеді.
Әбілқасымова жаңа жүйе бойынша әр банк міндетті түрде дағдарыстан шығу жоспарын әзірлеп, оны жыл сайын жаңартып отыруы тиіс екенін атап өтті.
Әсіресе жүйеқұраушы банктер үшін қатаң талаптар қойылады. Олар дағдарыс жағдайында шығындарды өз қаражаты есебінен жабатындай қор жинауы қажет. Бұл өз кезегінде банктердің сыртқы қолдауға тәуелділігін азайтады.
Ал мемлекеттің банк секторына көмегі ең соңғы шара ретінде ғана қарастырылмақ.
Бұл кезде мемлекет тікелей банк капиталына кіріп, акционерлерді ауыстырып, банк басшылығын өзгертуге, дивиденд пен бонустар төлеуге тыйым салуға, тәуекелді операцияларды шектеуге құқылы болады.
Банк тұрақтанған соң оны жаңа инвесторға сату арқылы мемлекет қаражатын қайтару көзделеді.
Банк жүйесіндегі дағдарысты реттеу мен бақылаудың жаңа механизмінде Үкімет пен Ұлттық банктің құзыреттері нақты бөлініп, арнайы қаржылық тұрақтылық кеңесі құрылады.
Осылайша агенттік төрағасы банк секторындағы ахуалды бақылау халықаралық стандарттарға сай жетілдіріліп, халықтың салымдарын қорғау мәселесі күшейтілетініне сенімді екенін жеткізді.