Қазақ мұнайы қайтадан Әзербайжан арқылы Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) құбырымен экспорттала бастады деп хабарлайды Ertenmedia.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының ақпараты бойынша, 13 қыркүйек күні Ақтау портынан Кашаган кенішінің 8,8 мың тонна мұнайы аталған бағытқа жөнелтілген. Келесі партияны тиеу 20 қыркүйекке жоспарланып отыр.
«2025 жылдың сегіз айында БТЖ арқылы тасымалданған қазақстандық мұнайдың жалпы көлемі 0,9 млн тоннаға жетті», – деп мәлімдеді ҚМГ өкілдері.
Еске сала кетейік, тамыз айында Әзербайжанның Azeri Light маркалы мұнайынан хлоридтер табылып, БТЖ құбырымен экспорт уақытша тоқтаған болатын.
Мұнайдың ластануы өнімнің сапасына кері әсер етіп, Әзербайжан тарапы тасымал көлемін шектеуге мәжбүр болды. Қазақстан бұл бағытты Ресейден тыс балама экспорттық жол ретінде қарастырып отыр.
Бірақ Azeri Light-пен салыстырғанда қазақстандық мұнайдың сапасы төмен болғандықтан, Әзербайжанның SOCAR компаниясы біздің мұнайды шектеулі көлемде ғана қабылдайды.
Дегенмен кейін жүргізілген тексеру Теңіз бен Кашаган кенішінен шыққан мұнайда органикалық хлор қосылысы жоқ екенін дәлелдеді. Сәйкесінше, қазақстандық мұнайдың Azeri Light-тың ластануына еш қатысы жоқ екені расталды.