Сарыағаш ауданы елдегі емдік-сауықтыру туризмінің негізгі орталықтарының бірі саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда өңірдегі шипажайлар саны көбейгенімен, қызмет сапасы, инфрақұрылым, санитарлық талап және салық тәртібі төңірегіндегі түйткілдер әлі де толық шешілмеген. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кеңейтілген жиын өтіп, салаға жауапты басшылар мен шипажай иелері бас қосты.
Жиында Мемлекет басшысының демалыс аймақтарын халықаралық талаптарға сай дамыту жөніндегі тапсырмасы еске алынды. Облыс әкімі Сарыағаштағы сауықтыру орындары заман талабына сай жаңарып, қызмет көрсету сапасы нақты көтерілуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, емдік туризм Түркістан облысы үшін жай демалыс саласы ғана емес, экономиканы алға сүйрейтін, өңірдің беделін арттыратын маңызды бағыт.
Кездесу барысында «Сарыағаш емдеу-оңалту кешені» серіктестігі мен Көктерек кентіндегі курорттық аймақта атқарылып жатқан жұмыстар, даму мүмкіндігі және қордаланған мәселелер қаралды. Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, кей нысандарда қызмет көрсету деңгейі талапқа сай емес, инфрақұрылым ескірген, санитарлық тәртіп те барлық жерде бірдей сақталмайды. Осы олқылықтарды ретке келтіру тапсырылды.
Нұралхан Көшеров жиында салық мәселесін де ашық көтерді. Оның айтуынша, табыс тауып отырған кей кәсіпкердің салықтан жалтаруы адал бәсекеге де, өңірдің дамуына да кері әсер етеді. Облыс әкімі салық төлеу тек заң алдындағы міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік екенін еске салды. Бюджетке түспеген әр теңге жаңа мектептің, аурухананың, жолдың кешігуіне әсер ететінін айтты.
Әкімнің пікірінше, көлеңкелі схемаға сүйеніп жұмыс істеу бүгінгі талапқа мүлде сай келмейді. Шипажай иелері кіріс-шығысын ашық жүргізіп, салық органдарында толық тіркеліп, заң аясында жұмыс істеуге тиіс. Өйткені Сарыағаштың болашағы арзан насихатта да, сан көбейтуде де емес, нақты сапада жатыр. Қазір нарықта бәсекеге қабілетті болмай, турист тарту қиын. Халық та бұрынғыдай жай орын емес, сапалы қызмет күтеді.
Контекст
Облыс басшысы демалыс аймақтары иелеріне шипажайларды толық заңдастыру, қызмет сапасын көтеру, жөндеу мен абаттандыруды күшейту, нақты іс-шара жоспарын әзірлеп, оны уақытылы орындау жөнінде тапсырма берді. Мақсат – Сарыағашты атауы бар, бірақ мазмұны әлсіз курорт деңгейінде қалдырмай, халықаралық талапқа жақындату.
Қазіргі көрсеткіштер де мәселенің барын аңғартып отыр. Жыл басынан бері Сарыағаш ауданына 16,3 мың турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,6 пайызға аз. Демек, нысан саны өссе де, сапа мен сұраныс арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Бүгінде ауданда 64 шипажай жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 3 жаңа шипажай ашылады.
Сарыағаш өңірі табиғи-емдік ресурсы мол, брендке айналуға толық лайық аймақ. Бірақ оған жету үшін минералды су мен балшықтың өзі аздық етеді. Мұнда ашық жұмыс, сапалы сервис, жаңарған инфрақұрылым және әділ салық тәртібі қатар жүруі керек. Сонда ғана Сарыағаш шын мәнінде ел ішіндегі ғана емес, сыртқы нарыққа да танылатын сауықтыру орталығына айнала алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







