Қазақстанның Forbes тізіміндегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі Кеңес Рақышев «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында жаңа компанияны тіркеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ашық деректер базасындағы мәліметке сүйенсек, Рақышевке тиесілі холдингтің атауы Treasure Limited. Кәсіпорынның заңды тіркеуден өткен күні 24 қыркүйек. Компанияның жарғылық капиталы 1 миллион теңге, акцияның 100 пайыздық үлесі толықтай Кеңес Рақышевтің меншігінде.
Компанияның бас директоры ретінде Кирилл Довганюктің есімі көрсетілген. Дәл осы есіммен танымал тұлға Алматыдағы EW Tech ЖШС-ін басқарып отыр және бұған дейін «Сарыарқа Mining» компаниясының директоры қызметін атқарған.
Жаңа холдингтің нақты миссиясы әлі жарияланбағанымен, Рақышевтің өзге активтерін біріктіріп, олардың басқарылуын оңтайландыру мақсатында құрылған болуы мүмкін деген болжам бар.
Forbes Kazakhstan рейтингінде 23-ші орында тұрған Кеңес Рақышевтің қазіргі байлығы 435 млн долларға бағаланған. Ол еліміздегі қаржылық, өнеркәсіптік сектордан бөлек, білім беру, мұнай-газ және венчурлық инвестициялар салаларында да белсенді. Негізгі активтері ретінде «БТА банк» пен Fincraft Group саналады.