Астанада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жастарға бағытталған ерекше жоба жүзеге асуда. Astana Tourism туризмді дамыту орталығы ұйымдастырған бұл кәсіптік бағдар беру бағдарламасы мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне болашақ мамандығын көзбен көріп, қолмен ұстағандай таныстыруға бағытталған. Астаналық жастар нақты өндіріс орындарына барып, зауыт-фабрикалардың, оқу орындары мен қонақүйлердің жұмысын көру – жас буын үшін үлкен тәжірибе.
Бағдарлама аясында 120-дан астам мектеп пен 20 колледж қамтылып, сәуірден бері үш мыңнан астам жасөспірім түрлі экскурсияларға қатысып үлгерген. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 12 500-ге жетеді деп жоспарланып отыр.
Балалар өз көзімен тігін фабрикасындағы қарапайым матаның дайын киімге айналғанын көрді, «Аромат» кәсіпорнында парфюмерия өндірісімен танысты. Темірбетон құрылымдары мен электротехникалық жабдықтар зауытында өндірістің барысын бақылап, үлкен қаланың тыныс-тіршілігіне жауап беретін «Қазгидромет», «Астана-Энергия», «Астана Тазалық» сияқты ұйымдардың жұмысын көрді.

Олардың ерекше ықыласын Metal Former зауытына жасалған сапар оятты. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы қасбеттік және шатырлық материалдарды шығаратын алғашқы өндіріс орны. Президенттің қатысуымен ашылған зауыт бүгінде «Жайлы мектеп» жобасына қажетті материалдар дайындап отыр.
Оқушылар темір парағының тұтас ғимаратқа айналатын құрылыс материалына айналуын көзбен көрді. Бір сәтте темірдің жанды нәрсе секілді өзгеріп шыға келуі олардың қызығушылығын арттырды. Көптеген жастар дәл осы экскурсиядан кейін инженерлік мамандыққа ден қоятынын айтып отыр.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – қонақүй сервистері мен медициналық университеттердегі кездесулер. Оқушылар Radisson мен Wyndham сияқты қонақүйлердің қызмет көрсету мәдениетін көріп, «Астана» медициналық университеті мен Назарбаев университетінде ғылымға деген құлшынысын арттырды. IT-университетте жаңа технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Бұл – білім мен ғылымды таңдауға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе.

Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор. Балаларға арман мен шынайылықтың арасындағы көпірді көрсету – болашақ мамандықты дұрыс таңдауға жол ашады. Әр экскурсия жас буынға өмірлік сабақ беріп, олардың көзқарасын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Жай ғана әңгіме емес, күнделікті өмірде жүрген нақты кәсіп иелерімен жүздесу – олардың өмірлік таңдауларын айқындайтын үлкен мүмкіндік.
Ertenmedia.kz порталының хабарлауынша, бұл жоба елдің 2029 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасының да бір бөлігі болып отыр. Өйткені кәсіптік бағдар беру арқылы елге қажетті мамандарды даярлау – ұзақ мерзімді дамудың басты кепілі.