Түркістан өңірінде биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» нақты мазмұнға ие болып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып келеді. Бұрыннан қалыптасқан түсінік бойынша қол еңбегі – екінші кезектегі кәсіп секілді көрінетін. Ал қазір заман өзгеріп, еңбек адамының мәртебесі қайта жаңғырып жатыр. Өйткені елдің экономикасын алға сүйреп отырған да, жаңа өндірістерді іске қосып жатқан да осы мамандар. Түркістан облысында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мұның айқын дәлелі, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыру үшін оқу орындары мен өндіріс ошақтары тығыз байланыс орнатып отыр. Мәселен, Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталығы ұйымдастырған шара аясында Түркістандағы көпсалалы колледждердің 250 студенті «Түркістан» еркін экономикалық аймағында орналасқан «Grand Miks» мебель құрастыру зауыты мен «Kaztor LTD» кәсіпорнында болды. Олар дайын өнімнің сапасын көріп қана қоймай, өндірістік технологияның қыр-сырымен танысты. Бұл кездесу жастарға нағыз еңбекқорлық пен кәсіп иесінің жауапкершілігін сезінуге үлкен мүмкіндік берді.
Жыл басынан бері өңірдегі 37 ірі өндіріс орнында ашық есік күндері ұйымдастырылып, оған 7 мыңнан астам мектеп оқушысы, 5 мыңға жуық техникалық және кәсіптік білім алушы және 3,5 мыңнан аса жұмыс іздеуші қатысқан. Бұл тек бір реттік шара емес, болашақта тұрақты еңбекке жол ашатын маңызды қадам.
Студенттер мен жастар өз көздерімен көріп, мамандармен пікірлескен соң, еңбекке деген көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Жастарға жол ашу мемлекет саясатының басты бағыты. Себебі жұмысшы мамандықтарының беделі артқанда, елдің өндірістік әлеуеті күшейеді, ауылдар мен қалалардағы жұмыссыздық азаяды. Әсіресе, Түркістан сияқты индустрияға қадам басқан өңір үшін бұл үлкен қолдау.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әр азаматтың қоғамға қосатын үлесі оның еңбегімен өлшенеді. Ендеше, еңбекке бейімделген жастар ертеңгі Қазақстанның тірегі.
Осындай игі бастамалар арқылы еліміздің болашақ шеберлері, ұсталары мен өндіріс мамандары шыңдалады. Әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық жағынан да бұл бағдарлама жас буынға сенім сыйлайды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» атауы ғана емес, мазмұны терең, келешекті қалыптастыратын науқанға айналып отыр.