Түркістан қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ спорт инфрақұрылымының бірі саналатын «Ескек есу» арнасы ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысанның іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған спорт инфрақұрылымын дамыту және жаңа кешендер салу жөніндегі тапсырмаларымен сабақтасып отыр. Облыс аумағында қазір 112 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Өңір билігі мұны тек құрылыс жұмысы ретінде емес, жастардың келешегіне салынған инвестиция, тұрғындарды салауатты өмір салтына тартуға бағытталған нақты қадам ретінде бағалап отыр.
«Ескек есу» арнасының ашылуына орай Түркістанда «Turkistan Water Fest & Sky Lights» атты ауқымды мәдени-спорттық шара өтті. Салтанатқа Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясы АҚБ президенті Асланбек Мерғалиев, Байдарка мен каноэде есу халықаралық федерациясының президенті Томас Кониецко арнайы қатысып, жиналған жұртшылыққа құттықтауын жолдады. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысып, жаңа нысанның маңызына тоқталды.
Әкімнің айтуынша, ел тарихында тұңғыш рет халықаралық стандартқа сай келетін ескек есу арнасы пайдалануға беріліп отыр. Ол мұны Түркістанды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі деп атады.
Сондай-ақ биыл Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойғанын еске салып, құжатта шаһардың рухани, тарихи-мәдени, туристік орталық және сәулет мұрасы ретіндегі орны нақты бекітілгенін айтты. Өңір басшысы Түркістанды руханият ордасымен қатар білім, ғылым, мәдениет және спорттың да ірі орталығына айналдыру мемлекеттік деңгейдегі басым міндеттің бірі екенін жеткізді.
Ресми мәліметке қарағанда, арнаның тағы бір ерекшелігі – қаланың экожүйесіне оң әсер ету мүмкіндігі. Кешен базасында Азия және әлем деңгейіндегі жарыстар өткізуге жағдай жасалған. Шетелдік спортшылар үшін жыл бойы оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға да толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдігі мұндай нысан Түркістанның ғана емес, тұтас елдің имиджін көтеріп, өңір спортына жаңа серпін беретінін, сонымен бірге туристік әлеуетті күшейтетінін атап өтті.
Салтанатты жиында халықаралық байдарка және каноэде есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан Республикасы «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев екіжақты меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылмақ.
Жаңа арнада 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады. Мұнда байдарка мен каноэде есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ және ашық суда жүзу секілді бағыттар қамтылады. Облыстың ескек есушілері осы уақытқа дейін Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 1800-ден астам медаль жеңіп алған. Оның ішінде 406 алтын, 730 күміс және 676 қола жүлде бар. Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль еншілеген, соның 58-і алтын, 84-і күміс, 42-сі қола. Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынған.
Мерекелік бағдарлама аясында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония концерт ұсынды. Кешті Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек және Марат Оралғазин жүргізді. Сахнада Мұқасан Шахзадаев, Мархаба Сәби, Калифарния, Ақсұңқар, DJ Macarello, Түркістан музыкалық театрының бишілері, «Таңба» этно тобы мен «Самғау» би ансамблі өнер көрсетті.
Контекст
Қала орталығында мерекелік көңіл күй орнап, бишілер, аниматорлар мен цирк әртістері кешен аумағын аралап, келушілерге арнайы қойылымдар ұсынды. «Taiqazan» ұлттық тағамдар гастрономиялық жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, әуе шарлары шоуы, креативті фотозоналар, онға жуық шеберлік сабағы, ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылды. Су үстіндегі спорттық ойындар мен қойылымдар, флайборд шоуы, лазерлі және фонтанды көріністер, мерекелік отшашу көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сол күні облыс әкімі ескек есу арнасының жаттығу залын аралап, қолөнершілер көрмесі мен «Taiqazan» гастрофестиваліне де барды.
Облыста спорт инфрақұрылымын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Биыл 102 спорт нысаны пайдалануға берілді. Келесі жылы тағы 10 спорт ғимаратын тапсыру жоспарланған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды дене белсенділігіне тарту үшін бейімделген 22 спорт секциясы ашылған. Түркістанда қазіргі таңда заманауи «Түркістан арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені жұмыс істеп тұр.
Одан бөлек, қысқы спорт түрлерін дамыту үшін «Мұз сарайы» ашылды. Облыс тарихында алғаш рет шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек үйірмелеріне 400-ден астам жасөспірім қатысып жүр. Түркістан қаласында атшабар кешенінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Өңір билігі аталған нысан ұлттық спортты дамытуға және дәстүрлі мәдениетті жаңғыртуға жол ашатынын айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







