Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қыркүйекте Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін салтанатты түрде іске қосты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы жобаны елдің көліктік-логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық бастама деп бағалаған.
«Жолдауымда атап өткендей, көлік-логистика саласы ел экономикасының қозғаушы күші, халықаралық қатынастарды нығайтудың негізгі тетігі. Қазақстан бұл бағытта зор әлеуетке ие», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, «Бір белдеу – бір жол» мегажобасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан аталған стратегиялық бастаманы жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді, ал Достық – Мойынты жолының екінші желісін ашу – соның нақты көрінісі.

«Жаңа теміржол желісі арқылы жүк тасымалы бес есеге артады. Экспорттық тауарларды жеткізу мерзімі қысқарып, транзиттік әлеует нығая түседі. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап отырған ірі транзиттік мемлекет. Ел аумағы арқылы әлемдік сауда нарықтарына жол ашатын бес ірі теміржол дәлізі өтеді. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы он жылда бұл салаға 35 миллиард долларға жуық қаржы тартылды», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент алдағы уақытта тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол желісін салу және қолданыстағы 11 мың шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарланғанын айтты.
Бүгінде Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысы басталып кеткен. Бұдан бөлек, Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі жолды модернизациялау жоспарда тұр. Бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды учаскесі.
Президент елімізде логистика саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті белсенді түрде енгізу қажеттігіне де баса мән берді.

Айта кетейік, Достық – Мойынты теміржолының құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Жалпы құны 543 млрд теңгеге бағаланған жоба үш жыл ішінде аяқталды.
Сондай-ақ логистика саласындағы маңызды келісімдердің бірі америкалық Wabtec компаниясымен Қазақстанда жаңа локомотивтер өндірісін ашу туралы уағдаластық екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін осы келісімнің маңызы туралы кеңірек жазған болатынбыз.