Бүгінде Украина Қарулы күштері әскери технологияларды жетілдіруге барын салуда. Алайда Wall Street Journal тілшісі Алистер Макдональдтың сөзінше қазіргі таңда Украинада өзінің «Фламинго» сынды ұзаққа ұшатын зымырандарын жаппай өндіруге қаражаты жоқ.
Украинаның әскери өндірісінің негізгі проблемасы ресурстың шектеулілігі. Макдональдтың айтуынша, украиналық мамандар баллистикалық зымырандарды жасауға бірнеше жылдан бері талпынып келеді.
«Фламинго» немесе «Нептун» секілді зымыран түрлері тәжірибелік кезеңнен өтіп, өндіріске жіберуге дайын. Бірақ тәжірибе мен іске асырудың арасы жер мен көктей екенін ұмытпаған жөн. Тіпті, соңғы сынақтар жоспар бойынша жүзеге аспаған. Яғни, технология бар, бірақ оны іске асыратын бюджет жоқ.
Зымыран жасау күрделі іс – оның цифрлық жүйесін, басқару алгоритмдерін, дәлдік пен тұрақты тестілеу қашанда маңызды.
Бүгінде Батыстан келетін әскери көмек көбінесе дайын қару түрінде келуде. Украинаға өз өндірісін жандандыру үшін тұрақты қаржыландыру қажет.
«Фламинго» зымыранының соғыстағы рөлі жайында Макдональд аталмыш қару соғыстың бағытын түбегейлі өзгерте алмайтынын алға тартыпты.
Бірақ бұл зымыранның ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасау қабілеті жоғары. Бүгінде Украина Ресейдің логистикасын, жанармай инфрақұрылымын бұзып Кремльдің шабуылын әлсіретуді көздеп отыр.
Қорыта айтқанда, украиналық зымырандар тәуелсіздікті қорғау жолындағы нақты қадам. Бірақ бұл жолда саяси ерік пен экономикалық ресурс қатар жүруі тиіс. Өкінішке орай, қазір Киев қару шығарудан бұрын қолда бар қарумен амалдайтын қиын кезеңді бастан өткеруде.