Муниса Шодиева әлемдік қаржы элитасы мен постсоветтік клептократия арасындағы шекараны бұлдыратқан тұлғалардың бірі. Ол – Eurasian Resources Group компаниясының тең иесі Патох Шодиевтің қызы, әрі бірнеше мемлекеттің азаматы. Ал, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қос азаматтыққа тыйым салынғанын бәріміз білеміз. Соған қарамастан, Муниса Шодиева Қазақстанның дипломатиялық паспортын заңсыз жолмен алғаны анықталды, – деп жазады Ertenmedia.kz «Вход к моря» телеграм арнасына сүйеніп.
Бір қызығы, дипломатиялық паспорт оған 2003 жылы берілген, ал 2013 жылы жаңартылған. Сол кезде-ақ оның Бельгия мен Ресей азаматтығы бары белгілі болған.
Бірақ Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрлігі бұл дерекке көз жұмып, оған ерекше мәртебе берген. Бұл шешімнің артында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына жақын болған «евразиялық үштіктің» ықпалы жатқан болуы әбден мүмкін.
Муниса Шодиева ешқашан Қазақстанда мемлекеттік қызмет атқармаған. Ол ел ішінде тұрақты тұрмаған да. Уақытының басым бөлігін Лондон мен Мәскеуде өткізген.
Оның дипломатиялық паспортқа ие болуының жалғыз себебі әкесі Патох Шодиевке қатысты Бельгияда басталған 15 жылға созылған қылмыстық іс болуы мүмкін.
Бұл іс Tractebel компаниясынан Қазақстандағы энергетикалық жобаларға қол жеткізу үшін берілген паралар мен ақша жымқыру схемаларымен байланысты еді.
Қылмыстық істі тоқтату үшін Шодиевтер Бельгия билігімен мәмілеге келіп, 23 миллион доллар айыппұл төледі. Егер бұл келісім жүзеге аспаса, Муниса мен отбасы мүшелері Бельгия азаматтығынан айырылуы мүмкін еді. Сол үшін Қазақстандық дипломатиялық паспорт оларға қажет жағдайда қолданатын «құтқару билеті» болғаны анық.
Ұқсас схемалар Ресей аумағында да байқалды. Мәскеу түбіндегі Николина Горадағы элиталық резиденцияларда Шодиев отбасының мүшелері 2020 жылдан бері тіркелген.
Ал Лондондағы Panoramic кешеніндегі екі пәтер мен төрт тұрақ орны олардың Ұлыбританиядағы ізі. Аталған мүлік бүгінде 10 миллион фунт стерлингке бағаланып отыр. Бұл – 7,4 миллиард теңге. Ресми құжаттарда активтер аралдық оффшорлар арқылы тіркелгенімен, түпкі бенефициар ретінде Мунисаның анасы Гүлнара Шодиева көрсетілген.
Бүгінде Шодиевтер Қазақстанда да соттасып жатыр. Патох Шодиев пен қызы бұрынғы серіктесі Адильжан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимовпен «Евразиялық қаржы компаниясы» үшін соттасуда. Қызығы, бұл істе Ибрагимов – жалғыз нағыз қазақстандық азамат. Бірақ деректер көрсеткендей, Муниса Шодиева да қазақстандық құжат иесі екен. Заң бойынша емес, ықпал мен ресурстың күшімен алған азаматтық.
Бұл жағдай Қазақстандағы әділет жүйесінің кейбір тұстарда қалай манипуляцияға ұшырайтынын, әрі дипломатиялық институттардың кімнің қолында екенін ашып көрсетеді.
Халыққа заң ортақ болуы керек. Бірақ кейбіреулерге ол заң тек қағаз жүзінде ғана әсер ететінін көріп отырмыз. Бұл оқиға еліміздегі мемлекеттік мәртебенің құнын төмендететін, сенімді әлсірететін мысалдардың бірі.