Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың көбі жеке компаниялардың қаржысына салынуда, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қонаев қаласының әкімі шаһарды кезекті рет аралау барысында бірқатарына кіріп шықты. Алдымен ол «Самұрық» ТҮК-ке барды. Бұл кешен 11,6 гектар жерде тұрғызылады деп жоспарлануда. Жоба 2029 жылға дейін жүзеге аспақ. Тартылатын инвестиция сомасы – 65 млрд.теңгені құрайды. Қазір құрылыстың 1-кезеңі жүріп жатыр. Мұнда жалпы аудан 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді.
Келесі нысан 10 шағынауданда орналасқан «NNS City» тұрғын үй кешені болды. Тапсырыс беруші – «Али-Нұр транс» ЖШС. Мұнда 21 көпқабатты тұрғын үй салынады. Қазір төртеуінің құрылысы аяқталған, жақын арада ауланы абаттандыру басталады. Содан кейін бірден қолданысқа беріледі.
– Инженерлік желілерді тарту жұмыстары уақытылы жүргізілуі тиіс. Кейіннен қоныстанған халық арасында сапасыз құрылысқа шағым болмауы қажет. Әкімдікпен бірлесе, ақылдаса қызмет етіңіздер. Үй салу жақсы, оның сапалы болуы одан да маңызды, – деді Асхат Бердіханов.
Одан соң әкім күрделі жөндеуден өтіп жатқан 8-10 шағынауданның жолын көрді. Бұл жерде көше жарығын орналастыру мәселесі қарастырылды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, жоба 2026 жылға өтпелі болады. Әкім көше жарығын қоюда адамдарға ыңғайлы болуы қажеттілігін атап өтті. Бүгінде мұнда біршама жұмыстар аяқталған, тротуар бордюрлары, аялдамалар қойылып, жолдың кей бөлігіне асфальт төселген. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылуда.
Айта кетейік, биыл Шеңгелді ауылдық округіндегі елдімекендердің жолы ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ «Көшпенділер қалашығына» жаңадан жол салынуда. «Қарлығаш» ықшамауданында да жол күрделі жөндеуден өтуде.
Құрылыс саласына келсек, жыл басынан 18843 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 млрд.теңгені құрады.