Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту мен ауылдық медицина жүйесін күшейту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Соңғы жылдары өңірде ауруханалар мен емханаларды жаңарту жұмыстары жүйелі сипат алып, бұл жолы Сайрам ауданындағы екі ірі медициналық нысанда күрделі жөндеу басталды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев Сайрам ауданына барып, құрылыс барысын өз көздерімен көрді.
Жоба аясында аудандық аурухана толық жаңартылып, көпбейінді медициналық орталыққа айналмақ. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде іске асып жатқан нысан құрылысын «КазЭвро» серіктестігі жүргізіп отыр. 100-ден астам құрылысшы еңбек етуде. Жөндеу жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады деп күтіледі.
Аудан орталығындағы аурухана бұрын қарапайым емдеу мекемесі болса, енді ол күрделі тексерулер мен жоғары технологиялық ем жүргізуге қабілетті аймақтық орталыққа айналады.
Мұнда магнитті-резонанстық және компьютерлік томография құралдары орнатылады. Осылайша, жергілікті тұрғындарға облыс орталығына сабылмай-ақ сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі туады.

Екінші нысан – Қарабұлақ ауылындағы аурухана. Ғимараттың тозығы жеткендіктен, мұнда да толық күрделі жөндеу қолға алынған. «Алтын Констракшн» серіктестігі атқарып жатқан жұмыстарға 60-қа жуық құрылысшы тартылған. Бұл нысан да 2026 жылға қарай пайдалануға беріледі.
Сайрамдағы екі аурухананың қайта жаңғыруы облыстағы медициналық инфрақұрылымды жетілдірудің жалғасы. Соңғы жылдары Кентау, Қазығұрт, Шардара және Қаратас өңірлеріндегі ауруханалар мен емханалар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құралдармен жабдықталды. Жетісай ауданындағы Асықата ауруханасында да жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Бейсен Тәжібаев сапар барысында мердігерлерге нақты тапсырма берді: сапаны басты назарда ұстау, жобалық талаптарды бұлжытпай орындау, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау және мүмкіндігінше жергілікті жұмыс күшін пайдалану.
Жобалардың жүзеге асуы өңір медицинасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы күшейіп, тұрғындар сапалы қызметке қол жеткізеді. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңғыру тек ғимаратты жөндеу емес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамға айналып отыр.